Otpan News Logo

Ақшымырау мен Қызан: «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясындағы тың өзгерістер

|
06.04.2026 11:45
Ақшымырау мен Қызан: «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясындағы тың өзгерістер

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатқан «Ауыл – ел бесігі» жобасы мен «Маңғыстау ауданының серпіні» бағдарламасы аясында өңірдегі Ақшымырау және Қызан ауылдарында ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұл жобалардың басты мақсаты – ауылдық жерлердегі өмір сапасын арттыру, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметіне сай, Ақшымырауда білім мен спорт саласына ерекше көңіл бөлінуде. Тобанияз атындағы мектептің жылыту жүйесі мен шатыры жөнделіп, заманауи STEM кабинеттерімен жабдықталды. 


Сонымен қатар 2016 жылдан бері шешілмеген мәселе оңтайлы шешіліп, «Қаралда» спорт кешені аудандық спорт мектебінің басқаруына өтті. Бұл 19 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.


Ал ауылды құм басудан қорғау үшін 125 мың түп сексеуіл егу жұмыстары басталған. 2500 тонна қоқыс шығарылып, 10 ескі апатты ғимарат бұзылды.


Осындай жұмыстар Қызан ауылында да атқарылып жатыр. Мәселен, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа өрт сөндіру бекеті салынып, арнайы автокөлікпен қамтамасыз етілді. Сәуір айының соңында ветеринариялық пункт пайдалануға берілмек.


Бұл ауылда 2 гектар аумақты қамтитын, бірнеше спорт түріне арналған (футбол, баскетбол, волейбол) заманауи ашық аспан астындағы алаң да салынды.


Сондай-ақ екі ауыл – Қызан мен Ақшымырауда да жаңа әкімшілік ғимарат бой көтеріп, ескі ғимарат жөндеуден кейін Ардагерлер үйі мен Жастар орталығына айналды. Қызанда бұл орталық ішіне «Қазпошта» бөлімшесі көшірілді.


Президент тапсырмасының аясында қолға алынған бұл шаралар ауылдық жерлердегі әлеуметтік мәселелерді жүйелі түрде шешіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға негіз болмақ.

52
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!