Маңғыстауда сұйытылған мұнай газының тапшылығы бар ма?
Маңғыстау облысында сұйытылған мұнай газының тапшылығы жоқ. Бұл туралы облыстық Кәсіпкерлік және сауда басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Басқарманың мәліметінше, өңірде 185 мыңнан астам автокөлік тіркелген, оның 56 пайызы газбен жүреді. Сонымен қатар облыс аумағында ресми тіркелмеген транзиттік нөмірлі 22 мыңнан астам көлік қозғалады.
Облысқа ай сайын 18 мың тонна сұйытылған мұнай газы бөлінеді. Қажеттілікке қарай қосымша 1-2 мың тонна көлемінде газ жеткізіліп отырады. Қазіргі таңда өңірді көгілдір отынмен «Қазақ газ өңдеу зауыты» мен «Атырау мұнай өңдеу зауыты» қамтамасыз етеді.
«Атырау мұнай өңдеу зауытында 25 маусым мен 15 шілде аралығында жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты шілде айына қосымша газ көлемі «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ-нан бөлінген. Газ теміржол арқылы тасымалданатындықтан, жеткізу мерзімі біршама ұзаққа созылуда. Ал шілде айының соңында Атырау мұнай өңдеу зауыты жұмысын қайта бастағаннан кейін облысқа қосымша 2 мың тонна сұйытылған мұнай газы бөлініп, жағдай толық тұрақталады. 10 шілдедегі жағдай бойынша облыста 134 автогаз құю станциясы жұмыс істеп тұр. Оның 41-інде көлік кезегі байқалады. Басқарма мұны газ тапшылығымен емес, жазғы туристік маусымда көлік қозғалысы мен сұйытылған газға деген сұраныстың 10-15 пайызға артуымен байланыстырады. Жыл сайын мамыр-қыркүйек айларында туристер легінің көбеюіне байланысты өңірде газ тұтыну көлемі орта есеппен 2-3 мың тоннаға өседі», - деп жазылған хабарламада.
Облыстық Кәсіпкерлік және сауда басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда өңірдегі жағдай тұрақты. Сұйытылған мұнай газының бағасын көтеру мәселесі күн тәртібінде жоқ көрінеді. Сондай-ақ облысқа бөлінген газдың басқа өңірлерге немесе шетелге шығарылғаны туралы дерек тіркелмеген.
Осыған байланысты басқарма тұрғындарды тек ресми ақпаратқа сенуге шақырып отыр.