Otpan News Logo

Ақтауда ерекше қажеттілігі бар жастарға арналған спорт фестивалі өтті

|
12.07.2026 13:51
Ақтауда ерекше қажеттілігі бар жастарға арналған спорт фестивалі өтті

Ақтауда «Кедергісіз Маңғыстау» әлеуметтік жобасы аясында ерекше қажеттілігі бар жастарға арналған «Өмірге сен!» спорт фестивалі ұйымдастырылды, деп хабарлайды otpannews.kz.

 

Іс-шараның мақсаты – ерекше қажеттілігі бар жастарды спортқа баулу, дене шынықтырумен тұрақты айналысуға ынталандыру, өз күшіне деген сенімін арттыру, әлеуметтік белсенділігін күшейту және инклюзивті қоғам құндылықтарын насихаттау.

 

Фестиваль барысында қатысушылар жеңіл атлетика, бочча, арқан тарту және эстафета бойынша сынға түсті. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Қатысушылар жоғары дайындық деңгейін, командалық бірлікті және жеңіске деген жігерін көрсетті.

 

Жоба Маңғыстау облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының тапсырысы бойынша «Маңғыстау облысының бочча федерациясы» қоғамдық бірлестігі тарапынан жүзеге асырылды.

 

Маңғыстау облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының орынбасары Қалампыр Уәзірова мұндай бастамалардың инклюзивті қоғамды қалыптастырудағы маңызын атап өтті.

 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде инклюзивті қоғамды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінгі фестиваль – ерекше қажеттілігі бар жастардың өз мүмкіндіктерін ашып, жаңа достар тауып, қоғамдық өмірге белсенді араласуына жол ашатын маңызды қадам. Алдағы уақытта да жастардың жан-жақты дамуына бағытталған жобаларды қолдауды жалғастырамыз», - деді Қалампыр Уәзірова.

 

Ал «Маңғыстау облысының бочча федерациясы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Қарлығаш Әлмұхамбетова фестивальдің басты мақсаты – ерекше қажеттілігі бар жастардың өзіне деген сенімін нығайту екенін айтты.

 

Оның сөзінше, «Кедергісіз Маңғыстау» әлеуметтік жобасы аясында қатысушылар компьютерлік сауаттылық, көгалдандыру, тігін ісі және аспаздық бағыттары бойынша білім алып, жаңа дағдыларды меңгерген. Алдағы уақытта да олардың әлеуетін дамытуға бағытталған жобалар жалғасын табады.

54
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!