Otpan News Logo

Англия мен Аргентина әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алды

|
12.07.2026 11:12
Англия мен Аргентина әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алды
Фото: Ашық дереккөзден

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының жартылай финалына шыққан барлық құрамалар анықталды, деп хабарлайды otpannews.kz


Ширек финалдық кездесулерде Англия Норвегияны, ал Аргентина Швейцарияны жеңіп, жүлделі орындар үшін күресті жалғастыратын болды.


Англия құрамасы Майамиде өткен тартысты кездесуде Норвегияны қосымша уақытта 2:1 есебімен тізе бүктірді. Норвегиялықтар сапынан Андреас Шельдеруп 36-минутта есеп ашқанымен, бірінші таймға қосылған уақытта Джуд Беллингем таразы басын теңестірді. Ал қосымша уақыттың 93-минутында дәл сол Беллингем жеңіс голын соғып, командасын жартылай финалға алып шықты.


Матчтың 55-минутында норвегиялық Торбьерн Хеггемнің соққан добы Эрлинг Холандтың ереже бұзғаны анықталғаннан кейін есепке алынған жоқ.


Осылайша Англия құрамасы 2018 жылдан бері алғаш рет әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алды. Ол кезде ағылшындар төртінші орынмен аяқтаған болатын. Ал Норвегия өз тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатының ширек финалына дейін жетіп, тарихи нәтижеге қол жеткізді.


Өз кезегінде қазіргі әлем чемпионы Аргентина Канзас-Ситиде өткен кездесуде Швейцарияны 3:1 есебімен жеңіп, қатарынан екінші рет әлем чемпионатының жартылай финалына шықты.


Аргентиналықтардың сапында Алексис Макаллистер 10-минутта есеп ашса, негізгі уақыттың соңында швейцариялық Дан Ндойе таразы басын теңестірді. Алайда қосымша уақытта Хулиан Альварес (112-минут) пен Лаутаро Мартинес (120+1) мергендік танытып, Аргентинаға сенімді жеңіс сыйлады.


Бұл жеңіс Аргентина құрамасының әлем чемпионаттарындағы жеңіліссіз сериясын 12 матчқа дейін ұзартты. Сонымен қатар команда капитаны Лионель Месси әлем чемпионаттарының плей-офф кезеңіндегі 15-матчын өткізіп, Германияның бұрынғы шабуылшысы Мирослав Клозенің (14 матч) рекордын жаңартты.


Енді 15 шілдеде өтетін жартылай финалда Англия мен Аргентина өзара кездеседі. Ал алғашқы жартылай финалда 14 шілдеде Испания мен Франция финал жолдамасын сарапқа салады.


Әлем чемпионатының қола жүлде үшін кездесуі 18 шілдеде Майамиде өтсе, турнирдің финалы 19 шілдеде Нью-Йоркте ұйымдастырылады.

37
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!