Otpan News Logo

Ақтауда «Абысын-ажын 2026» байқауы өтті

Ақтауда «Абысын-ажын 2026» байқауы өтті

Ақтау қаласындағы Достық үйінде қазақ келіндерінің өнегесі мен отбасылық татулықты насихаттайтын дәстүрлі «Абысын-ажын 2026» облыстық байқауы өтті. Бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан бұл тағылымды жоба биыл да ұлттық құндылықтарды ұлықтап, отбасы институтын нығайтуды көздейтін маңызды рухани алаңға айналды, деп хабарлайды otpannews.kz. 


Салтанатты іс-шара Маңғыстау облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы, «Маңғыстау» және «Риза-Ана» қоғамдық қорларының ұйымдастыруымен жүзеге асты.


Байқаудың басты мақсаты – қазақ әулетіндегі келіндердің татулығын үлгі етіп, абысындар арасындағы ауызбіршілік пен өзара сыйластықты дәріптеу, сондай-ақ ұлттық салт-дәстүрді жас ұрпаққа жеткізу. 


Сайыс барысында қатысушылар бірнеше кезең бойынша бақ сынап, өз өнерлері мен шеберліктерін паш етті. Атап айтқанда, келіндер ән шырқап, қолөнер туындыларын көпшілік назарына ұсынды. 


Ең әсерлі кезеңдердің бірі – абысындардың қазақтың ұлттық дәстүрлерін сахналауы болды, бұл олардың отбасылық құндылықтарды қалай сақтап, қадірлейтіндерін айқын көрсетті.


Облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Сали бұл жобаның рухани маңыздылығына тоқталып, абысындар арасындағы сыйластық халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан өнегелі дәстүрінің жарқын көрінісі екенін атап өтті. Басқарма басшысы қатысушыларға шығармашылық шабыт тілеп, отбасылық құндылықтарды насихаттау жолындағы еңбектеріне алғыс білдірді.


«Баршаңызды қазақ халқының отбасы құндылықтарын, ұлттық тәрбиесі мен салт-дәстүрін дәріптейтін «Абысын ажын» республикалық байқауының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Биыл бесінші рет ұйымдастырылып отырған бұл тағылымды жоба ұлттық құндылықтарды насихаттайтын, отбасындағы татулық пен сыйластықты дәріптейтін маңызды рухани алаңға айналды. Абысындар арасындағы ауызбіршілік, өзара құрмет пен түсіністік – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан өнегелі дәстүрінің жарқын көрінісі. Маңғыстау өңірі бұл байқауға әрдайым жоғары жауапкершілікпен қатысып келеді. Бұған дейін елордада өткен республикалық финалда облысымыздың намысын қорғаған қатысушылар жүлделі орыннан көрініп, өңіріміздің мерейін үстем еткен болатын. Бұл – маңғыстаулық отбасылардың ұлттық құндылықтарға деген құрметі мен бірлігінің айқын дәлелі»,- деді Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Сали. 


Байқау соңында үздік шыққан абысындар марапатталып, қатысушылар мен көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да бұл бастама өз жалғасын тауып, маңғыстаулық отбасылардың бірлігі мен ынтымағын нығайтуға өз үлесін қоса беретініне сенім білдірді. Бұл шара өңірдің рухани өміріндегі отбасылық құндылықтарды дәріптейтін маңызды тарихи сәтке айналды.


Бұл байқаудың облыстық кезеңінің жеңімпазы Ақтөбеде өтетін республикалық кезеңге жолдама алады. Айта кетейік, ел деңгейіндегі байқауда маңғыстаулық қатысушылар осыған дейін үш жыл қатарынан бас жүлдені иеленіп, өңірдің абыройын асқақтатты.

53
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!