Otpan News Logo

Биыл 3 айда Маңғыстауға 67 мыңнан астам турист келді

|
10.07.2026 15:00
Биыл 3 айда Маңғыстауға 67 мыңнан астам турист келді

Соңғы жылдары Маңғыстау облысында туризм саласы қарқынды дамып келеді. ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, қаңтар-наурыз айларында облысқа 67 мыңнан астам турист келген, оның төрт мыңы шетелдік турист, деп хабарлайды otpannews.kz.


Өңірлік туризм басқармасының мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда өңірде 108 орналастыру орны жұмыс істейді. Олар бір мезгілде 8 793 туристі қабылдай алады. Биыл Маңғыстауға 500 мыңға жуық турист, оның ішінде 100 мыңға жуық шетелдік турист келеді деп күтілуде.



Ақтау халықаралық әуежайында 23 әуе рейсі орындалады. Оның 9-ы – ішкі, 14-і – халықаралық бағыт. Биыл Ақтау – Батуми және Ақтау – Үрімші бағыты бойынша жаңа халықаралық рейсі ашылды.



Өңірде 23 туроператор қызмет көрсетіп, 256 туристік маршрут әзірленген. Туристер арасында Бозжыра, Шерқала, Боқты, Торыш, Қарақия ойпаты, Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Айрақты–Шоманай, Көкала, Ыбықты сайы секілді тарихи-мәдени және табиғи нысандар ерекше сұранысқа ие.


Биыл Маңғыстаудың туристік әлеуетін халықаралық деңгейде насихаттау мақсатында бірқатар ірі жоба жүзеге асып жатыр. Атап айтқанда, Tour de Bozjyra Vol.4: Under The Ocean халықаралық велошеруі, Victory Tennis Cup турнирі өтті. Сондай-ақ, Ақтау қаласына 2030 жылға арналған Экономикалық ынтымақтастық ұйымының туристік астанасы мәртебесі берілді.



- Сонымен қатар, өңірде халықаралық ақпараттық турлар ұйымдастырылып, Netflix платформасына арналған жобалардың түсірілімі өтті. Қазіргі таңда Маңғыстау облысында әлемге әйгілі актер Джеки Чанның қатысуымен түсірілетін халықаралық көркем фильмге дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бұл бастамалар өңірдің туристік әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға және әлемдік туристік картадағы орнын нығайтуға ықпал етеді. Жылдың екінші жартысында MITF-2026 халықаралық туристік форумы, Aq Maya Fest фестивалі, спорттық марафондар және 10-нан астам туристік іс-шара өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, шетелдік және отандық БАҚ өкілдеріне арналған инфотурлар ұйымдастырылып, гидтер мен экскурсоводтардың біліктілігін арттыру жұмыстары жалғасады. Бұл бастамалар өңірдің туристік тартымдылығын арттырып, халықаралық деңгейдегі беделін нығайтуға бағытталған, - деді туризм басқармасының өкілдері.


23
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!