Otpan News Logo

Маңғыстау облысы газдандыру деңгейі бойынша көшбасшылар қатарында

Маңғыстау облысы газдандыру деңгейі бойынша көшбасшылар қатарында
Фото: А. Кужель

Маңғыстау облысы еліміздегі газдандыру деңгейі ең жоғары өңірлердің бірі саналады, деп хабарлайды Otpannews.kz сайты Ranking.kz сараптамалық порталының дерегіне сілтеме жасап.


Тарихи тұрғыдан табиғи газ Қазақстанның батыс өңірлерінің басты артықшылықтарының бірі. Елдегі ең ірі көмірсутек кен орындары осы аймақта орналасқан. Соның нәтижесінде Маңғыстау облысы көршілес Атырау облысымен бірге газ инфрақұрылымының дамуы бойынша бірінші орынды бөлісіп отыр.


Сарапшылардың мәліметінше, соңғы он жылда Қазақстанда газдандыру қарқыны айтарлықтай артқан. Егер 2016 жылы халықтың шамамен 43 пайызы ғана табиғи газға қол жеткізсе, 2026 жылдың басында бұл көрсеткіш 64,2 пайызға жетті. Яғни, он жыл ішінде өсім 21 пайыздық тармақты құрады. Бүгінде 13 миллионнан астам қазақстандық көгілдір отынды пайдаланып отыр.


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев газ инфрақұрылымын дамытуды мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындаған. Осыған сәйкес, 2023 жылы Энергетика министрлігі Қазақстанды 2030 жылға дейін газдандырудың бас схемасын бекітіп, кейін оның мерзімі 2035 жылға дейін ұзартылды. Ал биыл 30 маусымда Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы елдегі газдандыру деңгейін 80 пайызға дейін жеткізу міндетін қойды.


Қазіргі таңда республика бойынша газдандыру деңгейі 64 пайыздан асқанымен, өңірлер арасындағы айырмашылық әлі де айқын. Шығыс және солтүстік облыстардың тұрғындары негізінен көмір мен отынды пайдаланса, батыс өңірлерде газдандыру қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл жоба елдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтіп қана қоймай, халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, экологиялық ахуалды оңалтуға, өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және бизнестің дамуына ықпал етеді.


Газдандыру деңгейі ең жоғары өңірлер:

  • Атырау облысы – 99,8%;
  • Маңғыстау облысы – 99,8%;
  • Батыс Қазақстан облысы – 99,7%;
  • Алматы қаласы – 99,6%;
  • Шымкент қаласы – 97,8%;
  • Ақтөбе облысы – 94,2%;
  • Жамбыл облысы – 92%.


Ал табиғи газ ең аз қолжетімді өңірлер:

  • Қарағанды облысы – 5,8%;
  • Ұлытау облысы – 4,3%;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 3,3%.


Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Абай облыстары әзірге толық газдандырылмаған. Бұл өңірлер алдағы газдандыру жобаларының негізгі бағыттары ретінде қарастырылып отыр.


2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде газбен жабдықтау бағытында 84 жоба іске асырылды. Нәтижесінде табиғи газ 94 елді мекенге жеткізіліп, 354 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынға қол жеткізді. Сонымен қатар, республикада шамамен 2 мың шақырым жаңа газ тарату желісі салынды.


Биыл газ көлігі инфрақұрылымын дамыту жобаларының арқасында тағы 36 мың адам табиғи газға қосылады деп жоспарланып отыр. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 27,3 млрд теңге бөлінген.

 

60
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!