Otpan News Logo

Маңғыстауда агроөнеркәсіп өндірісі артып келеді

|
06.09.2026 20:33
Маңғыстауда агроөнеркәсіп өндірісі артып келеді

Маңғыстау облысының Қарақия ауданында ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, егіс көлемі мен өнім өндіру көрсеткіші ұлғайып келеді. Өңірдің күрделі климатына қарамастан, шаруалар заманауи тәсілдерді қолданып, жергілікті нарықты сапалы отандық өніммен қамтып отыр, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Қарақия ауданына жасаған жұмыс сапары кезінде шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты. Биыл Қызылқұм алқабында 94 гектар жерге ашық топырақта егін егіліп, оған қияр, қызанақ, бұрыш, қырыққабат, баялды, қауын, қарбыз және асқабақ себілді. 


Сондай-ақ ауданда жалпы аумағы 3,57 гектар болатын 11 фермерлік жылыжай тұрақты жұмыс істеуде. Шаруа қожалықтарының өнім көлемін арттырып, жылыжай санын көбейту үшін ұзындығы 26 шақырым болатын газ құбыры тартылып, 51 шаруашылық көгілр отынмен қамтамасыз етілді.


Аудандағы «Еңбек» және «Рысбек» шаруа қожалықтары егін шаруашылығының негізгі бөлігін өндіріп жатыр. Олар тиісінше 19 және 14,7 гектар жерге егін екті. Бұдан бөлек, өңірде жеміс шаруашылығы да дамып, алма бақтарының аумағы 6,5 гектарға жетті. 


Қырыққабат өндірісі де назардан тыс қалған жоқ. Аталған екі қожалық 2,2 гектар алқапта бұл көкөністі өсіріп, жергілікті «Асар-С» нарығына 150 тонна өнім жеткізді. Қазіргі уақытта оның көтерме бағасы 1 келіге 160–170 теңгені құрап отыр, ал ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы жоспарланған көлемі 3 мың тоннаға жетеді деп күтілуде.


Алқаптарды аралау барысында облыс әкімі өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экономиканы дамыту үшін ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану маңызды екенін атап өтті. Климаттық ерекшеліктерге қарамастан, мемлекеттік қолдау мен заманауи технологиялар арқылы өндіріс көлемін едәуір арттыруға болатынын жеткізген өңір басшысы жауапты тұлғаларға бұл бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жалғастыруды тапсырды.

36
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!