Otpan News Logo

Ақтауда технологиялық жобаларды қолдауға бағытталған іс-шара өтті

|
06.09.2026 13:02
Ақтауда технологиялық жобаларды қолдауға бағытталған іс-шара өтті

4 қыркүйек күні Ақтау қаласында бастапқы кезеңдегі технологиялық жобаларды қолдауға және дамытуға бағытталған Startup Orda инкубациялық бағдарламасының Demo Day іс-шарасы өтті, деп хабарлайды otpannews.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.


Іс-шараны Маңғыстау облысының цифрлық технологиялар басқармасының қолдауымен Mangystau Hub ұйымдастырды. Бағдарлама барысында қатысушылар сарапшылар мен қонақтарға өздерінің стартап-жобаларын таныстырып, қол жеткізген нәтижелері мен алдағы даму жоспарларын ұсынды.


Маңғыстау облысы цифрлық технологиялар басқармасының бөлім басшысы Әнуар Серіктің айтуынша, Startup Orda бағдарламасы өңірдегі IT стартаптар экожүйесін дамытуға және жас мамандардың технологиялық жобаларын жүзеге асыруына мүмкіндік беруге бағытталған.


-Іс-шара қорытындысы бойынша Маңғыстау облысындағы ең үздік әрі әлеуеті жоғары команда анықталып, Астана қаласында өтетін Digital Bridge іс-шарасына жолдама алады. Бұл жас бағдарламашыларға өз жобаларын таныстырып, IT саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады. Сонымен қатар, кәсіби дамуына және жаңа серіктестік байланыстар орнатуына мүмкіндік береді, - деді Әнуар Серік.


Сондай-ақ, «Mangystau Hub» аймақтық IT-хаб жетекшісі Айгерім Мажтай бағдарламаның нәтижелеріне тоқталып, қатысушылардың жобаларын таныстыруы үшін Demo Day маңызды алаң болғанын атап өтті.


-Бағдарлама қорытындысы бойынша ең үздік 15 жоба анықталып, олар Demo Day сахнасында өз жобаларын сарапшылар мен іс-шара қонақтарының назарына ұсынды. Startup Orda бағдарламасы қатысушылардың кәсіпкерлік және технологиялық құзыреттерін дамытуға, бастапқы кезеңдегі стартаптарды қолдауға және жобалардың одан әрі өсуіне жағдай жасауға бағытталған, - деді Айгерім Мажтай.


Бағдарлама аясында қатысушылар стартаптарды іске қосу, бизнес-модель құру, өнімді дамыту және жобаны нарыққа шығару бағыттары бойынша тәжірибелік білім алды. Demo Day қатысушыларға өз жобаларын таныстырып, сарапшылардан кері байланыс алуға мүмкіндік берді.


Іс-шара қорытындысы бойынша Synapp стартап-жобасы AI&Digital Bridge форумында өтетін Startup Alley алаңына қатысуға мүмкіндік беретін билетке ие болды. Сонымен қатар жоба Astana Hub Battle стартаптар байқауының жартылай финалына жолдама алды. Бұл жетістік жобаның өңірлік деңгейден шығып, республикалық IT ортада өз мүмкіндіктерін танытуына жол ашады.

58
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!