Otpan News Logo

Ақтаулық мұғалім тұңғыш геолог Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы туралы зерттеу жүргізуде

Ақтаулық мұғалім тұңғыш геолог Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы туралы зерттеу жүргізуде

Ақтаулық тарих пәнінің мұғалімі Әйгерім Бұғабаева қазақтан шыққан тұңғыш геолог, ғалым Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы туралы зерттеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz.


Ол Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы туралы 3 ғылыми мақала жазған. Мақала жазу барысында ғалымның архив материалдары мен ғылыми еңбектерін оқып, ізденгенін айтады.


"Мақалаларымда ғалымның геология саласына қосқан үлесін қарапайым тілмен түсіндіруге тырыстым. Табиғи байлықтарды зерттеуге үлес қосқан тұлға туралы көп іздендім. Әртүрлі деректерді қарап, оның өмірі мен еңбегін зерттедім. Архив материалдарын, ғылыми еңбектерді қарадым. Кейбір мәліметтерді адамдардан да сұрастырдым. Мені таңғалдырғаны - оның өте қиын жағдайда жұмыс істеп, соған қарамастан ғылымнан бас тартпағаны. Тарихи тұлғаларды оқыту арқылы оқушыларды белгілі бір мамандыққа қызықтыруға тырысамын. Мысалы, Оразмағанбет атамыздың өмірі арқылы геолог мамандығын таныстырдым", - деді тарих пәнінің мұғалімі Әйгерім Бұғабаева. 


Әйгерім жасанды интеллекттің көмегімен ғалым туралы комикс те жасады. Сондай-ақ, "Ұлттық тарих күні" сайысында оқушылармен бірге Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы туралы деректі фильм түсіріп, бас жүлдеге ие болған. Жеңімпаздар Астана қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама алды.


"Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы туралы деректі фильмнің бас жүлде алуы маған үлкен шабыт берді. Алдағы уақытта осы жұмысты жалғастыруды жоспарлап отырмын. Маңғыстау өңіріндегі басқа да тұлғаларды зерттеп, олар туралы мақала жазып, деректі фильм түсіру ойда бар",-деді Әйгерім Бұғабаева.
11
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!