Жаңаөзенде сарбаз Абай мұрасын ұлықтап жүр
10 тамыз – қазақ халқының ұлы ойшылы, ақын және ағартушы Абай Құнанбайұлының туған күні. Биыл оның дүниеге келгеніне 180 жыл толып отыр. Осыған орай елімізде бұл күн жыл сайын Абай күні ретінде аталып өтеді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Абай мұрасы – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын рухани қазына. Оның терең ойға толы өлеңдері мен философиялық толғамдары бүгінгі қоғамда да өз маңызын жоғалтқан жоқ. Ақынның адамгершілікке үндейтін өсиеттері жастарға, оның ішінде әскери салада қызмет етіп жүрген азаматтарға да жол тауып келеді.
Мәселен сарбаз Нұрбақ Балтабай бала күнінен Абай шығармашылығына ерекше қызығушылық танытқан. Ол Жаңаөзен қаласындағы ҚР Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5548 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін өтеп жүр.
Мектеп кезінен бастап ақынның көптеген өлеңін жатқа айтып, Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған аудандық, ауылдық деңгейдегі әдеби байқауларда жеңімпаз атанған. Қазір әскери борышын атқарып жүрсе де, рухани жолынан айнымай, Абай туындыларын насихаттап келеді.
Абайдың әр өлеңі – өмір сабағы. Ондағы әрбір жол адамды ойландырып, өзін, әрекетін бағамдауға, жақсы жаққа ұмтылуға жетелейді. Мысалы «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек» деген жолдар мен үшін үлкен рухани тірек. Абайды тану, құрметтеу – әр қазақтың парызы деп есептеймін, — дейді Нұрбақ Балтабай.
Қазір қатардағы жауынгер Балтабай Абайдың отыздан астам өлеңін жатқа айтады. Олардың қатарында «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр», «Сегіз аяқ», «Әсемпаз болма әрнеге» сынды белгілі шығармалар бар. Оның Абайға деген қызығушылығы қызметтестеріне де үлгі.