Otpan News Logo

Жаңа Конституцияда ғылым, білім қалай көрініс тапқан?

|
11.02.2026 16:16
Жаңа Конституцияда ғылым, білім қалай көрініс тапқан?

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қоғам дамуының басым бағыттарын қайта пайымдаумен ерекшеленеді. Соның ішінде ғылым, білім және инновация салаларына ерекше мән берілуі мемлекеттің ұзақмерзімді даму стратегиясымен тікелей байланысты. Конституциялық деңгейде адам капиталын, білімді, ғылымды және инновацияны дамытуды мемлекеттік қызметтің стратегиялық бағыты ретінде тану – елдің әлеуметтік-экономикалық және технологиялық ілгерілеуіне бағытталған жүйелі ұстаным.


Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның тоғызыншы отырысында бұл бағыттың маңызын ерекше атап өтті. -Тұңғыш рет Конституцияда ғылым мен инновация мемлекет қызметінің стратегиялық басымдығы ретінде айқындалды. Жаңа преамбуладағы «ғылым мен инновация құндылықтарын бағдарға алып» деген тұжырым – осы ұстанымның нақты дәлелі.


Сонымен қатар, Конституцияның «Конституциялық құрылыс негіздері» бөліміндегі 3-баптың 2-тармағында Қазақстан Республикасының адам капиталын, білімді, ғылымды және инновацияны дамытуды стратегиялық бағыт ретінде танитыны бөлек норма ретінде бекітілді. Ал осы баптың 1-тармағында «еңбексүйгіштік, прогресс, білім құндылықтарын бекіту» алғаш рет мемлекеттік қызметтің негіз қалаушы қағидаттарының қатарына енгізілді. Бұған қоса, 23-баптың 2-тармағында зияткерлік меншіктің заңмен қорғалатыны нақты көрсетілген,-деді ол. 


Қазіргі жаһандану жағдайында экономикалық өсім көбіне табиғи ресурстарға емес, интеллектуалдық әлеуетке, инновациялық технологияларға және сапалы білімге сүйенеді. Сондықтан ғылым мен білімді стратегиялық басымдық ретінде айқындау Қазақстанның шикізаттық экономикадан білім мен технологияға негізделген экономикаға көшу ниетін білдіреді.


Бұл ретте білім беру жүйесінің сапасын арттыру, ғылыми зерттеулерді қаржыландыру, университет ғылымын дамыту, жас ғалымдарды қолдау мәселелері мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналып отыр.


Инновацияны мемлекеттік стратегиялық бағыт ретінде тану – технологиялық тәуелсіздікке ұмтылыстың белгісі. Қазіргі кезеңде цифрландыру, жасанды интеллект, биотехнология, «жасыл» энергетика секілді салалар елдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайды. Сондықтан инновациялық экожүйені қалыптастыру, ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу, стартап мәдениетін дамыту – мемлекеттің экономикалық саясатының ажырамас бөлігіне айналады.

 

Адам капиталын дамыту туралы норманың енгізілуі әлеуметтік саясаттың жаңа сапалық деңгейге көтерілуін білдіреді. Бұл тек білім беру немесе ғылым саласын дамыту ғана емес, азаматтардың кәсіби біліктілігін арттыру, өмір бойы білім алу мәдениетін қалыптастыру, шығармашылық және зияткерлік әлеуетті толық ашу сияқты кешенді міндеттерді қамтиды.


Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, адами капиталға инвестиция салған елдер ұзақ мерзімді экономикалық өсімге қол жеткізеді. Сондықтан жаңа Конституциядағы бұл бағыт әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға, еңбек нарығының сапасын арттыруға және халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге ықпал етді. 

Ғалымдар мен өнертапқыштардың құқықтарының қорғалуы жаңа технологиялар мен ғылыми өнімдердің пайда болуына, инновациялық кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасайды.


Бұл қадам халықаралық стандарттарға жақындауға, шетелдік инвесторлардың сенімін арттыруға және отандық ғылыми өнімнің әлемдік нарыққа шығуына ықпал ету ықтималы жоғары. 


Осылайша, жаңа Конституциядағы ғылым мен білімге қатысты нормалар Қазақстанның даму басымдықтарының адам капиталына қарай бағытталғанын айқын көрсетеді. Тегін және міндетті орта білім кепілдігі, жоғары білімге тең қолжетімділік, білім сапасының бірыңғай стандарттары, зайырлы білім қағидаты және ғылым мен инновацияны стратегиялық деңгейде қолдау – елдің интеллектуалдық әлеуетін нығайтуға бағытталған кешенді саясаттың құқықтық негізін құрайды.


Бұл нормалардың тиімді іске асуы білім сапасын арттыруға, ғылыми әлеуетті күшейтуге және Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге ықпал ететін маңызды фактор болмақ.


Нұр Ғалым

21
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!