«Заңға құрмет – елге құрмет»: Ақтауда республикалық интеллектуалдық Quiz өткізілді
Ақтауда «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында ауқымды «Заңға құрмет – елге құрмет» республикалық интеллектуалдық Quiz сайысы өтті. Интеллектуалдық сайысқа әртүрлі өңірден 24 команда қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Интеллектуалдық ойынға Астана, Орал, Ақтөбе, Құлсары қалалары мен Маңғыстау облысының топтары қатысты. Тартысты дода Маңғыстау облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасының әлеуметтік тапсырысы бойынша ұйымдастырылды.
«Бүгінгі жиынның басты мақсаты – қоғамда заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын сақтау қағидаттарын кеңінен насихаттау және жастардың құқықтық білімін жетілдіру. Заң және тәртіп қағидаттары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл негіздері, құқықтық мәдениет, азаматтардың құқықтары мен міндеттері секілді маңызды салаларды қамтыған сұрақтары бар тартысты ойын өтті. Республикалық Quiz-дің жалпы жүлде қоры – 1 800 000 теңге»,- деді МО ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлмира Балғожаева.
Ойын аталған тақырыптардан бөлек танымал тұлғалар, қазақтың ұғымдары мен салт-дәстүрлері, логикалық ойлау мен жалпы эрудицияны анықтайтын арнайы тапсырмалардан тұратын 7 кезеңнен тұрды.
Республикалық Quiz-дің жалпы жүлде қоры 1 800 000 теңгені құрады. Тартысты бәсеке қорытындысы бойынша 1-орынды(600 000 тг) Маңғыстау облысының «Энигма» командасы жеңіп алды. Ал 2-орын — «QQ» командасы (Маңғыстау облысы) — 500 000 тг, 3-орын — «Жұрттың балдары» командасы (Маңғыстау облысы) — 300 000 тг, 4-орын — «With Quiz» командасы (Маңғыстау облысы) мен «IQ ас болсын» командасы (Құлсары қаласы). Олардың әрқайсына 250 000 тг берілді. Ал Астаналық «РД» командасы 5-орынға тоқталып, 150 000 тг ұтып алды.