Otpan News Logo

Ақтаулық параспортшы 24 сағат бойы жүзіп, рекорд орнатты

Ақтаулық параспортшы 24 сағат бойы жүзіп, рекорд орнатты

Ақтауда параспортшы Қуаныш Асқар 24 сағат бойы тоқтаусыз жүзу сынағын сәтті аяқтап, рекорд орнатты. Спортшы тәулік ішінде шамамен 50 шақырым қашықтықты жүзіп өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.


Сынақ 15 тамыз күні сағат 10:00-де басталып, 16 тамыз күні сағат 10:00-де аяқталды.


Спортшы бұл додаға алты айға жуық уақыт дайындалды. Осы уақыт ішінде ол физикалық және психологиялық тұрғыдан шыңдала түсті.


Дайындалғанымызға алты айдай уақыт болды. Осыдан екі-үш ай бұрын 21 шақырым қашықтықты еңсердік. Аптасына үш мезгіл жаттығып, үздіксіз дайындықтың нәтижесінде сынақты соңына дейін жеткіздік. Спортпен айналысайық, – деді бұрғылау мекемесі қондырғы бастығы Жұмағали Садықов.


Жарыста спортшыға қысқа уақытқа үзіліс жасап, тамақтанып, күшін қалпына келтіруге рұқсат етілді. Бастысы – жүзуді толық тоқтатпау және 24 сағат бойы ұйықтамау болды.


24 сағат бойы ұйықтамай жүзу – сынақтың басты қиындықтарының бірі. Бұрын 24 сағат бойы жүзіп көрген жоқпын. Ең ұзақ дегенде бассейнде 9 сағат жүзген едім. Содан кейін 24 сағатты да еңсере алатын сияқтымын деген ой келіп, нақты жасап көруге шешім қабылдадым, – деді ол.


Қуаныш Асқарға тәулік бойы жүзу оңай болмады. Әсіресе түнгі уақыт кезінде сынақты тоқтатқысы келді. Алайда жанындағы азаматтардың қолдауы оған әрі қарай жалғастыруға күш берді.


Спортшы бұған дейін елімізде дәл осындай форматта 24 сағат бойы жүзген параспортшылар туралы ақпарат іздегенін айтты. Алайда мұндай рекорд тіркелмеген екен.


Ақтауда осындай сынақты ешкім жасамаған соң, «неге біз жасамасқа?» деген ой келді. Нәтижесінде лйымызды шындыққа айналдырып, жеңіске қол жеткіздік. Қандай қиындық болса да, алға қарай жылжып, армандай білу керек. Шектеулер тек біздің миымызда ғана, – деді Қуаныш Асқар.


Осылайша, Ақтауда басталған ерекше спорттық сынақ сәтті аяқталып, параспортшы 24 сағат бойы жүзу арқылы рекордтық нәтижеге қол жеткізді.

50
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!