Қаржаубай Аққұлов: «Таңдау – жауапкершіліктен басталады»
Ақтау қаласы ардагерлер кеңесінің мүшесі Қаржаубай Аққұлов 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауының маңызына тоқталып, азаматтарды саналы таңдау жасап, өз азаматтық құқықтарын пайдалануға шақырды.
Кейде қоғамдағы өзгерістерді мемлекеттен, биліктен немесе басқа адамдардан күтеміз. Алайда қоғамның өзі әрқайсымыздан құралатынын естен шығармауымыз керек. Әр азаматтың пікірі, ұстанымы мен таңдауы – елдің қоғамдық өмірінің ажырамас бөлігі. 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауы – әр азаматтың өз ойын білдіріп, өз таңдауын жасауына мүмкіндік беретін маңызды күн. Сондықтан бұл күнге жауапкершілікпен қарау қажет, – деді Қаржаубай Аққұлов.
Ардагер сайлаушыларға дауыс бермес бұрын кандидаттардың бағдарламасы мен ұстанымдарымен танысып, ақпаратты саралап, саналы шешім қабылдаудың маңызын атап өтті.
Бүгінде қажетті ақпаратты табуға мүмкіндік мол. Біріміздің таңдауымыз екіншіміздікімен сәйкес келмеуі мүмкін. Бірақ ең бастысы – өз таңдауыңды түсініп, азаматтық құқығыңды пайдалана білу. Өйткені қоғамның болашағы тек үлкен шешімдерден емес, әр адамның белсенділігінен қалыптасады. Сондықтан 23 тамызда бейжай қалмай, өз таңдауымызды жасайық, – деді ол.
10
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев