Otpan News Logo

Тамыз кеңесі: Ақтауда білім саласындағы негізгі мәселелер талқыланды

Тамыз кеңесі: Ақтауда білім саласындағы негізгі мәселелер талқыланды

Ақтауда қалалық Тамыз кеңесі өтіп, өткен оқу жылының қорытындысы шығарылды. Жиында білім сапасы, мектепке дейінгі тәрбие, педагогтердің кәсіби деңгейі және жасанды интеллектіні оқу үдерісінде пайдалану мәселелері сөз болды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Жиынға қала әкімі Әбілқайыр Байпақов, білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтер мен сала мамандары қатысты.


Қала әкімі ұстаз мәртебесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дамығанымен, мұғалімнің орнын ешбір технология баса алмайды.


«Цифрландыру да, жасанды интеллект те ұстазды, мұғалімді ешқашан алмастыра алмайды. Барлық жағдайды жасағанмен, білім сапасы төмен болатын болса, атқарылған шаралардың барлығы зая кеткен болып есептеледі. Игі істердің нәтижесі – білім алып жатқан оқушылардың деңгейімен өлшенеді», – деді қалай әкімі Әбілқайыр Байпақов.


Әкім аға буын ұстаздардың еңбегін де атап өтті. Оның сөзінше, шалғай ауыл мектептерінде еңбек еткен мұғалімдердің арасынан елдің білім саласына ықпал еткен мықты мамандар шыққан.


«Бабаларымыз білектің заманында ешкімге есе жібермесе, білімнің заманында біз де есе жібермеуіміз керек. Оны жүзеге асыратын – аяулы ұстаздар», – деді шаһар басшысы.


Кеңесте мектепке дейінгі білім беру саласындағы жағдай да талқыланды. Қалалық білім бөлімінің басшысы Айбаршын Өтесбаеваның айтуынша, қазір 3, 10, 16, 17, 18, 19, 20, 31, 32, 34, 35, 39, 40 және 41-шағынаудандарда мемлекеттік балабақша жоқ. Ал 10, 21, 34, 40 және 41-шағынаудандарда балабақша мүлдем қарастырылмаған.


Әсіресе 2–3 жастағы балалар үшін мектепке дейінгі ұйымдарға сұраныс жоғары. Бұл мәселені шешу үшін жекеменшік балабақшалар санын арттыру және оларды ваучерлік қаржыландыру жүйесіне көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.


Соңғы үш жылда Ақтауда жекеменшік сектор есебінен жалпы 5 мың орынға арналған 64 балабақша ашылған. Оның ішінде биыл 830 орындық 12 балабақша пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін тағы 500 орынға арналған 7 балабақша ашу жоспарланып отыр.


Осы жұмыстардың нәтижесінде 2–6 жастағы балалардың балабақша кезегі айтарлықтай қысқарған. 2025 жылы кезекте тұрған балалар саны 20 025 болса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 1 840-қа дейін азайған.


«Қазіргі таңда мектепке дейінгі білім берудегі негізгі мәселелер – жаңа шағынаудандарда балабақша орындарының жеткіліксіздігі, мемлекеттік балабақшалардың біркелкі орналаспауы, 2–3 жастағы балалар арасында кезектің жоғары болуы және мектепке дейінгі ұйымдардағы білім сапасын тұрақты бағалау қажеттілігі», – деді Айбаршын Өтесбаева.


Жиында өткен оқу жылындағы жетістіктер де айтылды. Түрлі байқаулардың қорытындысы бойынша 836 педагог қалалық, 80 педагог облыстық, 40 педагог республикалық деңгейде жеңімпаз атанған.


Оқушылар арасында 4024 оқушы қалалық, 515 оқушы облыстық, 164 оқушы республикалық және 8 оқушы халықаралық деңгейдегі жарыстарда үздік нәтиже көрсеткен.


Тамыз кеңесінде үздік педагогтер мен білім беру ұйымдары марапатталды. Сонымен қатар жаңа оқу жылындағы басым бағыттар белгіленді. Олардың қатарында білім сапасын арттыру, мектеп мәдениетін дамыту, педагогтердің кәсіби біліктілігін жетілдіру және жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды оқу үдерісінде тиімді пайдалану бар.


Жиында арнайы шақырылған сарапшылар да білім беру саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды. Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының аға ғылыми қызметкері Сұлтанбек Оразалы мектеп басқару жүйесі мен оқу-тәрбие жұмысын жетілдіру жолдарын таныстырды.


Ал «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Маңғыстау облысы бойынша Кәсіби даму институтының аға оқытушысы Балуза Пирмантаева мектептегі орта мен құндылықтарды қалыптастыру, педагогтер мен оқушылардың әлеуетін арттыруға арналған тренинг өткізді.


Бұдан бөлек, мамандар жасанды интеллектіні сабақта тиімді пайдалану, оқушыларға мамандық таңдауда бағыт-бағдар беру және білім беру үдерісін цифрландыру мүмкіндіктерін талқылады.

58
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!