Маңғыстаулық суретшілер «Көшпенділер ізімен» атты халықаралық арт-экспедицияға қатысуда
ART EXPEDITION – MONGOLIA 2026 «Көшпенділер ізімен» халықаралық жобасы аясында маңғыстаулық өнер шеберлері Моңғолия Республикасына шығармашылық сапармен барды. Ауқымды бастамаға Маңғыстау облысынан танымал суретшілер Аймұрат Танатов, Данияр Жұбаниязов, Нұркен Тәжібай, Бейбіт Тілеген және Тынышбек Балтабаев қатысып жатыр. Сондай-ақ халықаралық шығармашылық топтың қатарын Қырғызстаннан келген суретшілер Жәнібек Сүйінов пен Талғат Боқаев толықтырды. Бірнеше мемлекеттің өнер өкілдерінің басын қосқан бұл экспедиция өзара тәжірибе алмасып, тығыз шығармашылық байланыс орнатуға айрықша мүмкіндік береді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Сапардың арнайы бекітілген маршруты бірқатар маңызды тарихи-мәдени орындарды қамтиды. Атап айтқанда, шығармашылық топ алдымен Ұлан-Батыр қаласында болып, кейін өз бағытын Тэрэлж, Архангай, Орхон аңғары және Гоби шөлі бағыттары бойынша жалғастырады. Әрбір өңірдің өзіне тән табиғи ерекшелігі мен келбетін зерттеген суретшілер қоршаған ортаны бақылап, көзбен көрген әсерлерін этюд арқылы қағазға түсіреді.
Экспедиция қатысушысы Тынышбек Балтабаевтың айтуынша, бұл сапар Моңғолияның сұлу табиғатын бейнелеумен қатар, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі мен көшпенділердің мәдени мұрасын тереңірек зерттеуді көздейді.
«Жобамыздың негізгі идеясы — кезінде ортақ көшпенді өркениет кеңістігін қалыптастырған халықтардың тарихы мен мәдени сабақтастығын өнер арқылы көрсету. Сонымен қатар өнер мен туризмді ұштастыра отырып, Маңғыстау суретшілерінің әлеуетін халықаралық деңгейде таныстыру біз үшін үлкен маңызға ие»,- деп атап өтті Тынышбек Балтабаев.
Кәсіби суретшілердің пікірінше, этюд форматы – бұл тек қана бейнелеу өнері емес, барған аймақтың рухын, атмосферасын және автордың шынайы эмоциясын жеткізудің ең тиімді тәсілі. Сапар аяқталған соң, Моңғолия жерінде салынған туындылар Актау қаласында арнайы ұйымдастырылатын көрмеде көпшілік назарына ұсынылмақ. Бұл өз кезегінде өнер сүйер қауымға шетелдің табиғаты мен мәдениетін маңғыстаулық шеберлердің көзімен тамашалауға мүмкіндік береді.