Хамзе Ғұлама Спартакиада ойындарында топ жарды
Маңғыстаулық спортшы Хамзе Ғұлама Сурдлимпиадалық спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының IV Спартакиадасында топ жарып, чемпион атанды, деп хабарлайды otpannews.kz.
16-17 тамыз күндері Орал қаласында өткен республикалық жарыста «Ерекше жан» спорт клубының сурдо-дзюдо бөлімінің спортшысы 66 келі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Хамзе Ғұлама бозкілемдегі белдесулерде қарсыластарының барлығынан басым түсіп, алтын жүлдеге қол жеткізді.
Осылайша, ол Маңғыстау облысының намысын абыроймен қорғап, өңір қоржынына кезекті алтын жүлдені салды. Спортшы жарыс барысында жоғары шеберлігі мен жігерін көрсетіп, маңызды додада чемпиондық атақты иеленіп отыр.
«Жеңіс – спортшының күнделікті еңбегі мен табандылығының нәтижесі. Хамзе Ғұламаның бұл жетістігі – оның ғана емес, Маңғыстау өңірінің спорт саласы үшін де маңызды нәтиже», - деді спортшының бапкерлері.
Айта кетейік, Сурдлимпиадалық спорт түрлері бойынша ұйымдастырылатын мұндай республикалық жарыстар спортшылардың шеберлігін шыңдап, үздіктерді анықтауға мүмкіндік береді.