Маңғыстауда Шекарашылар күні аталып өтті
Ақтау қаласындағы Абай атындағы мәдени-демалыс орталығында мемлекеттік шекараны қорғаушыларға арналған мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Іс-шараға Маңғыстау облысы бойынша ҰҚК Шекара қызметі департаментінің әскери қызметшілері мен қызметкерлері, олардың отбасы мүшелері, шекара ведомствосының ардагерлері қатысты.
Департамент бастығы, полковник Санат Жұманов әскери қызметшілерді, қызметкерлерді және ардагерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтады.
«Бүгін біз мемлекеттік шекара қауіпсіздігін күн-түн демей сақтап жүрген қызметкерлерді құттықтап, оларға алғыс білдіреміз. Шекара қызметінің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан ардагерлерді құрметтейміз. Олардың тәжірибесі, қызметке деген адалдығы мен әскери борышқа деген беріктігі барлық әріптестерімізге үлгі», – деді Санат Жұманов.
Іс-шара барысында қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып жүрген әскери қызметшілер мен ведомство қызметкерлері, ардагерлер, сондай-ақ мемлекеттік шекараны қорғауға елеулі үлес қосқан жандар марапатталды.
Әскери қызметшілерге Маңғыстау облысы бойынша Тәжік-Ауған шекарасындағы бітімгерлік күштері мен әскери қақтығыстар ардагерлерінің «Сардар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асхат Абдуллин де құттықтау сөзін арнады.
«Ардагерлер үшін бұл мерекенің маңызы ерекше. Қызмет жылдарында талай сынақтан өттік. Сондықтан шекарашы еңбегінің қаншалықты жауапты әрі маңызды екенін жақсы түсінеміз. Бүгінгі буын өзінен бұрынғы аға буынның ісін жалғастырып, ерлік, жауапкершілік және әскери борышқа адалдық дәстүрлерін сақтап келеді. Барша әскери қызметшіге зор денсаулық, отбасыларына амандық, қызметтеріне табыс тілеймін. Мемлекеттік шекарамыз әрдайым сенімді қорғалсын», – деді Асхат Абдуллин.
Айта кетейік, департаменттің әскери қызметшілері Өзбекстан және Түрікменстанмен арадағы мемлекеттік шекараны, сондай-ақ Каспий теңізінің акваториясындағы теңіз шекарасын күзетеді.
Өңірдің ерекшелігі – шекарашылардың күрделі табиғи-климаттық жағдайда қызмет атқаруы. Шекара бөлімшелері мен бекеттері дала және шөлейтті аймақтарда орналасқан. Ал кемелердің экипаждары Каспий теңізінің акваториясында қызмет етеді. Мұның барлығы әскери қызметшілерден жоғары төзімділікті, кәсіби дайындықты және қойылған міндеттерді орындауға үнемі дайын болуды талап етеді.
Абай атындағы мәдени-демалыс орталығында қызметкерлердің құрметіне концерттік бағдарлама ұсынылды.Музыкалық және хореографиялық қойылымдар мерекелік кештің сәнін келтіріп, әскери қызметшілер мен ардагерлерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.