Маңғыстауда 100 грамнан астам апиын тәркіленді
Маңғыстауда «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында екі күдікті ұсталды. Полиция олардың бірінен 100 грамнан астам апиын мен есірткі дайындауға арналған құралдар тапқан, деп хабарлайды otpannews.kz.
Оқиға 5 тамызда болған. Маңғыстау облысы Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыстық прокуратураның үйлестіруімен арнайы операция жүргізген.
Алдымен күдіктілердің бірінің көлігі тексеріліп, одан 600 мың теңге тәркіленді. Кейін екінші күдікті ұсталған. Оның көлігінен тағы 480 мың теңге табылған.
Ақтаудағы жалдамалы пәтерге жүргізілген тінту кезінде жалпы салмағы 100,8 грамм апиын салынған 10 орама мен полиэтилен пакет тәркіленді. Сонымен қатар электронды таразы, есірткі дайындауға және қолдануға арналған құралдар және 670 мың теңге алынған.
Медициналық сараптама екі күдіктінің де есірткілік масаң күйде болғанын көрсетті.
Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта күдіктілер Ақтау қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторында отыр.
Тергеу амалдары жалғасып жатыр.