Otpan News Logo

Маңғыстауда оқушыларға арналған бірегей профориентациялық платформа іске қосылды

|
18.08.2026 11:26
Маңғыстауда оқушыларға арналған бірегей профориентациялық платформа іске қосылды

Маңғыстау облысында жастарға болашақ мамандығын дұрыс таңдауға бағыт-бағдар беретін Anyqta AI атты жаңа қазақстандық технологиялық жоба жарық көрді. Заманауи жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланатын бұл бастама өңірдегі жас IT-кәсіпкерлер тарапынан қолға алынып отыр, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Қазіргі таңда мамандық таңдау – жас буын өкілдері үшін ең жауапты әрі күрделі шешімдердің бірі. Дұрыс таңдалған бағыт адамның болашақтағы кәсіби дамуына, сапалы білім алуына және еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді. Осы орайда жобаның басты мақсаты – оқушылардың жеке қызығушылығы, қабілеті мен бейімділігін ескере отырып, оларға ең лайықты мамандықты анықтап беру.


Бастама авторлары – Astana Hub пен Mangystau Hub технопарктерінің резиденттері, сондай-ақ Startup Orda инкубациялық бағдарламасының қатысушылары Бекбол Алдамжаров пен Жанымнұр Мұратбекова. Кәсіби профориентолог ретінде бес жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Жанымнұр Мұратбекованың айтуынша, бұл саланың басты түйіні – оқушыларға арналған сапалы, түсінікті әрі ана тіліміздегі тесттердің тапшылығы. Қолда бар шетелдік немесе орыс тіліндегі аналогтардың бағасы мектеп оқушылары үшін қалта көтермейтін қымбатқа түсетіндіктен, отандық өнімді жасау қажеттілігі туындаған. Нәтижесінде, IT саласының маманы Бекбол Алдамжаров алты ай бойы ізденіс жасап, халықаралық тәжірибеде қолданылатын тиімді тесттерді қазақ тіліне бейімдеп, жаңа платформаға негіз қалады.


Anyqta AI жүйесі оқушының кәсіби бағытын, интеллект деңгейін және тұлғалық типін жан-жақты бағалайтын үш бағытты тестті өзара біріктіреді. Барлық тест нәтижелері ЖИ көмегімен кешенді түрде өңделіп, баланың күшті және әлсіз тұстары айқындалады. Жүйе оқушының қабілетіне сай келетін мамандықтарды ұсынып қана қоймай, ҰБТ нәтижелері бойынша грантқа түсу мүмкіндігін де талдайды. Сондай-ақ платформадағы жасанды интеллект көмекшісі оқушылардың кәсіби бағытқа қатысты жеке сұрақтарына жауап беріп, қосымша кеңес береді.


Авторлардың айтуынша, 8-9 сыныптардан бастап болашақ мамандығын саналы түрде таңдаған оқушылардың грантқа түсу мүмкіндігі едәуір артады. Бүгінгі таңда бұл инновациялық платформаны 100-ден астам оқушы қолданып үлгерген. 


Алдағы уақытта жоба авторлары республика мектептерімен және жоғары оқу орындарымен тығыз серіктестік орнатуды көздеп отыр. Олар мектептерге платформаны тегін ұсынуға дайын екенін жеткізіп, осындай маңызды әлеуметтік-технологиялық бастамаларды кең көлемде дамыту үшін мемлекет тарапынан қолдаудың маңызы зор екенін атап өтті.

60
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!