«Банктен хабарласып тұрмыз» десе сенбеңіз: алаяқты қалай тануға болады?
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі телефон арқылы жасалатын алаяқтық әлі де азаматтардың ақшасын жымқыру мен олардың атына заңсыз несие рәсімдеудің ең кең тараған тәсілдерінің бірі болып отырғанын ескертті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Алаяқтар қалай әрекет етеді?
Көбіне олар өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, «шотыңыздан күмәнді операция анықталды», «атыңызға несие рәсімделіп жатыр», «банк қосымшаңыз бұзылды» немесе «ақшаңызды қауіпсіз шотқа аудару керек» деп сендіруге тырысады.
Сенімге кіру үшін аты-жөніңіз, жеке деректеріңіз сияқты мәліметтерді айтып, құқық қорғау органдарының немесе мемлекеттік мекеменің қызметкеріміз деп те таныстыруы мүмкін. Кей жағдайда қысым көрсетіп, «қазір шешім қабылдау керек» деп асықтырады.
Жаңа айла – екінші телефонды қолдандыру
Соңғы кезде алаяқтар азаматтардан екінші телефонды немесе планшетті пайдалануды сұрай бастады. Олар бейнеқоңырауды қосуды, экранды көрсетуді, банк қосымшасына кіруді немесе өз нұсқауымен белгілі бір әрекеттерді орындауды талап етеді.
Мұндай талаптардың бәрі – алаяқтықтың айқын белгісі. Осылайша олар адамның банк қосымшасындағы әрекеттерін бақылап, ақшасын өзіне аудартуға немесе несие рәсімдетуге тырысады.
Көбіне қандай сөздерді айтады?
Мынадай сөздерді естісеңіз, бірден сақ болған жөн:
«Шотыңыздан күмәнді операция анықталды».
«Шотыңызға қауіп төніп тұр».
«Атыңызға несие рәсімдеп жатыр».
«Ақшаны қауіпсіз шотқа дереу аударыңыз».
«Несие өтінімін шұғыл тоқтату керек».
«Бұл әңгімені ешкімге айтпаңыз».
«SMS арқылы келген кодты айтыңыз».
«Қорғаныс қосымшасын орнатыңыз».
«Екінші телефонды алыңыз».
«Экранды көрсетіңіз».
«Бейнеқоңырау арқылы жеке басыңызды растаңыз».
Банктің нағыз қызметкері мұны ешқашан сұрамайды
Банк қызметкерлері:
SMS немесе push-кодтарды сұрамайды;
ақшаны басқа шотқа аударуды талап етпейді;
банк картасының толық нөмірі мен CVV кодын сұрамайды;
екінші телефонды пайдалануды немесе экранды көрсетуді талап етпейді;
телефон арқылы қысым көрсетіп, асықтырмайды.
Сол сияқты полиция, прокуратура немесе мемлекеттік органдардың қызметкерлері де телефонмен код айтуды, биометриялық растаудан өтуді немесе ақша аударуды талап етпейді.
Өзіңізді қалай қорғайсыз?
Мамандар мына кеңестерді ұсынады:
растау кодтарын ешкімге айтпаңыз;
бейтаныс адамның нұсқауын орындамаңыз;
күмәнді сілтемелерге өтпеңіз;
қоңырау шалған адамның айтуымен қосымша орнатпаңыз;
экранды көрсетпеңіз және бейнеқоңырау қоспаңыз;
бейтаныстың айтуымен екінші телефонды пайдаланбаңыз;
күрделі құпиясөз қолданып, екі факторлы қорғанысты қосыңыз;
несие тарихыңыз бен банк хабарламаларын үнемі тексеріп отырыңыз;
«Стоп-кредит» қызметін қосып қойыңыз;
күмән туса, банкке тек ресми байланыс нөмірі арқылы өзіңіз хабарласыңыз.
Деректеріңізді айтып қойсаңыз не істеу керек?
Егер алаяқтарға SMS кодыңызды, картаңыздың деректерін беріп қойсаңыз немесе ақша аударып жіберсеңіз:
банкке дереу хабарласыңыз;
карта мен мобильді қосымшаға қолжетімділікті бұғаттаңыз;
хат алмасуды, телефон нөмірлерін және операциялар туралы мәліметтерді сақтап қойыңыз;
алаяқтың нөмірін 116 нөміріне хабарлаңыз;
құқық қорғау органдарына арыз жазыңыз.
Есте сақтаңыз
Егер қоңырау шалған адам қорқытып, асықтырып, әңгімені құпия сақтауды талап етсе немесе «қауіпсіз шотқа ақша аударыңыз» десе – әңгімені бірден тоқтатыңыз.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарды сақ болуға шақырып, алаяқтар қаншалықты сенімді сөйлесе де, ешқашан кодтарды айтпауға, ақша аудармауға және жеке деректерді бейтаныс адамдарға бермеуге кеңес береді.