Otpan News Logo

Өңір мектептеріне балалардың психо-эмоциялық жағдайын анықтайтын ЖИ енгізілді

|
18.12.2025 13:39
Өңір мектептеріне балалардың психо-эмоциялық жағдайын анықтайтын ЖИ енгізілді

Бүгін Ақтауда «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында республикалық «PSYTALKS AKTAU: Жасанды интеллект дәуірінде балалардың психологиялық әл-ауқаты» тақырыбында республикалық форум өтті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форумдар үлкен өкініштің алдын алуға көмектеседі. Суицид пен депрессия көбейіп, жастардың мәселеге тез бой алдыруы – қоғамдағы өзекті мәселе. 


Маңызды жиында сарапшылар мен мемлекеттік орган өкілдері балалардың психикалық саулығын сақтау және мектептегі буллингпен күресудің жаңа әдістерін талқылады.


“Форумның басты тақырыбы — білім беру жүйесіне заманауи технологиялардың енуі. Маңғыстау облысындағы мектептерде «We Global KZ» автоматтандырылған жүйесі қолданысқа енгізілді. Бұл жасанды интеллект элементтері бар бағдарлама оқушылардың эмоционалдық жағдайын диагностикалауға, нәтижелерді жедел талдауға және психологтардың жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Жасанды интеллект деректерді өңдеуде сенімді көмекшіге айналады. Бұл психолог мамандарға қағаз жұмысына алаңдамай, балалармен тікелей жұмыс жасауға көбірек уақыт бөлуге жағдай жасайды»,- деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Құралай Газимова.  


Форумға спикер ретінде

білікті мамандар Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан шақыртылған. 600-ге жуық қатысушыны қамтыған кездесуге облыстағы психолог мамандар, педагогтар мен ата-аналар қатысты. Қатысушылар арасында ғалымдар мен қоғам белсенділері де бар. 


Іс-шара аясында WeGlobal платформасының мүмкіндіктері таныстырылып, жасанды интеллект негізінде балалардың психо-эмоциялық жағдайын ерте кезеңде анықтауға арналған заманауи цифрлық шешімдер ұсынылды.


«Жасанды интеллект — балалардың тағдырына қауіп төндіретін емес, керісінше оларды қорғауға көмектесетін құрал. Біз технология арқылы баланың ішкі күйін ерте байқап, психологтар мен ата-аналарға дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береміз. Ең бастысы — технологияны қорқынышпен емес, жауапкершілікпен және адамға қызмет ететін шешім ретінде қабылдау»,- деді WeGlobal платформасының құрылтайшысы және техникалық директоры Болат Ашим.


Форум соңында қатысушылар мен спикерлер арасында ашық сұрақ-жауап ұйымдастырылып, ата-аналар мен мамандар нақты тәжірибелік ұсыныстар алды. Ұйымдастырушылар мұндай диалог алаңдары өңірлерде жүйелі түрде өткізіліп, балалардың психологиялық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.


Айта кетейік, форумның мақсаты – тек оқушыларға ғана емес, ата-ана мен педагогтерге де эмоционалдық қолдау көрсету. 

55
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!