Otpan News Logo

Маңғыстауда «Келешек мектептері» жобасы аясында тағы бір мектеп ашылды

|
18.12.2025 18:27
Маңғыстауда «Келешек мектептері» жобасы аясында тағы бір мектеп ашылды

Маңғыстау облысында білім беру саласындағы ауқымды жаңалық: «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында өңірдегі 13-ші мектеп пайдалануға берілді. Ақтау қаласының 16-шағын ауданында бой көтерген жаңа білім ордасы өңірдегі үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге айтарлықтай үлес қоспақ, деп хабарлайды otpannews.kz


2024 жылмен салыстырғанда Маңғыстау облысында үш ауысыммен жұмыс істейтін мектептер саны 10-нан 3-ке дейін азайған. Бұл оң көрсеткішке 1 500 оқушыға шақталған заманауи мектептің ашылуы тікелей әсер етті. Нысанның жалпы ауданы 15 мың шаршы метрден асады.


Мектеп іші соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған 77 пәндік кабинеттен тұрады. Олардың ішінде:

  •  STEM және робототехника кластары;
  •  Дизайн, технология және бейнелеу өнері студиялары;
  •  Тамақтану мәдениеті мен үй шаруашылығы кабинеттері;
  •  Музыка және өнер бөлмелері бар.


Биология және физика кабинеттерінің жанынан арнайы зертханалар ашылған. Бұл оқушыларға теориялық білімді практикамен ұштастырып, ғылымға деген қызығушылығын арттыруға жол ашады.


Жаңа мектеп ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға толықтай бейімделген. Мұнда сенсорлық бөлме, инклюзивті білім беруді қолдау кабинеті және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы лифт орнатылған.


Қауіпсіздік мәселесі де басты назарда: ғимарат іші мен сыртында 126 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді, ал аулада заманауи спорттық және ойын алаңдары жабдықталған.



Мектеп директоры Любовь Намның айтуынша, оқу процесі 8 қаңтарда басталады. 


Қазіргі уақытта мемлекеттік мектептерден ауысып жатқан оқушыларды тіркеу жүріп жатыр. Жекеменшік мектептен келетіндер тиісті құжаттарын өткізуі тиіс. Басты шарт — оқушының 16-шы шағын ауданда тұруы,- деп атап өтті директор.


Мектеп директорының орынбасары Ағзия Исмағұлова жаңа ортаның тек оқушылар үшін емес, мұғалімдер үшін де үлкен кәсіби мүмкіндік екенін жеткізді.

10
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!