Нұрсұлтан Тұяқбаев: «Ассамблея – ұлттық келісімнің тірегі»
Ел бірлігін сақтау мен ұлтаралық келісімді нығайту – тәуелсіз еліміздің басты құндылықтарының бірі. Осы мақсатта құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде бейбітшілік пен татулықтың тірегіне айналды. Ол – еліміздегі этностар арасындағы татулықты сақтап, ортақ құндылықты дәріптейтін алаң, деп жазады otpannews.kz.
Ұлтаралық келісім мен жастар арасындағы ынтымақтастықты нығайту жолында еңбек етіп жүрген азаматтардың бірі - Маңғыстау облысы бойынша Ассамблея жастарының өкілдігі төрағасы Нұрсұлтан Тұяқбаев. Ол ұйымның қоғамдағы орны мен жастар рөлі жайлы өз пікірін білдірді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы – қоғамдағы келісім мен татулықты қалыптастыратын бірден-бір институттың бірі. Ол – еліміздегі түрлі этностардың өзара түсінігі мен құрметін нығайтатын алаң, – дейді ол.
Ассамблея – тек этносаралық келісім мен бейбітшілікті нығайту жолындағы алаң ғана емес, ол – әр ұлттың өзіндік ерекшелігін, мәдениеті мен салт-дәстүрін танытуға мүмкіндік беретін орта.
Нұрсұлтан Сырымұлы жастар арасындағы байланыс пен достықты нығайту – ұлттық татулықтың берік іргетасы екенін атап өтті.
Этностар бір-бірінің дәстүрін, тілін, мәдениетін құрметтесе, соны танып-білсе, бір-біріне деген сыйластығы орнайды деп ойлаймын. Жастар арасында да түрлі мәдени, танымдық, волонтерлік шаралар, ортақ жобалар – олардың араласуына, достасуына ықпал етеді. Мұның бәрі ұлттық татулықты қалыптастыратын жолдардың бірі.
Оның айтуынша, жастар - ел болашағы ғана емес, қоғамның бүгініне де серпін беретін күш. Жастар арасында өзара сыйластық пен ынтымақтастық қаншалықты терең болса – елдегі тұрақтылық та соншалықты берік болмақ.
Бірлік пен келісім – біздің ең басты байлығымыз. Оны сақтау – әр азаматтың парызы, - дейді Ассамблея жастары өкілдігінің төрағасы.