Otpan News Logo

Маңғыстауда «Жасыл ел» еңбек жасағына қабылдау басталады

|
12.05.2026 13:53
Маңғыстауда «Жасыл ел» еңбек жасағына қабылдау басталады

Маңғыстауда «Жасыл ел» еңбек жасағына өтінім қабылдау 18 мамырда басталады. Бағдарламаға 14 пен 35 жас аралығындағы өңір жастары қатыса алады, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


«Жасыл ел» еңбек жасағы аясында жастар қоршаған ортаны абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарымен ақылы негізде айналысады. Құжат қабылдау барысында әлеуметтік мәртебесі бар отбасылардың балаларына басымдық беріледі, яғни, көпбалалы, аз қамтылған және толық емес отбасыдан шыққан жастарға кезек бірінші беріледі.


«Өткен жылдан бастап NEET санатындағы жастарға басымдық бере отырып, «Жасыл ел» еңбек жасағында 3 060 жас облыс аумағындағы елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына тартылды. Биыл 3 362 жас қамту жоспарлануда, сондай-ақ соңғы үш жылда аталған жобаның қамту ауқымы тұрақты өсіп, 2025 жылы қатысушылар саны 2023 жылмен салыстырғанда 1,7 есеге (2023 ж – 1 756 жас, 2024 ж – 2 888 жас, 2025ж – 3 060 жас) артты»,- дейді Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мұқаш Оралбай. 


Айта кетейік, белгіленген орын саны толған жағдайда құжат қабылдау тоқтайды. Биыл бағдарлама аясында Ақтау қаласында – 515 , Жаңаөзен қаласында – 750 , Бейнеу ауданында – 500 , Мұнайлы ауданында – 500 , Қарақия ауданында – 400 , Түпқараған ауданында – 397 , Маңғыстау ауданында – 300 жасты «Жасыл ел» еңбек жасағымен қамту көзделген. 


Қажетті құжаттар тізімі:

* Өтінім;

* Сауалнама;

* Жеке куәлік немесе туу туралы куәлік – 2 дана;

* Кәмелетке толмаған азаматтарға ата-анасының немесе заңды өкілінің жазбаша келісімі;

* Ата-анасының немесе заңды өкілінің жеке куәлік көшірмесі – 1 дана;

* Денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтама (№027 форма);

* Әлеуметтік мәртебесін растайтын анықтама;

* 20 таңбалы банк шотының нөмірі – 2 дана (тек Halyk Bank);

* Оқу орнынан анықтама;

* Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт – 2 дана.


«Жасыл ел – 2026» еңбек жасағына құжат дүйсенбі мен жұма аралығында, сағат 09:00–18:30 қабылданады. Түскі үзіліс – 13:00-14:30.

53
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!