Қаракөл көлінде алғашқы спорттық орнитология бойынша жарыс өтті
Қаракөл көлінде алғашқы спорттық орнитология бойынша жарыс өтті. Сайысқа Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары мен облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілері қатарынан «Эколидер» еріктілер клубының «Қаракөл сақшылары» жасағының мүшелері қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Жарысқа қатысушылар 20 құс түрін анықтап, арасында Қызыл кітапқа енген қарабай мен қоқиқаздың Қаракөлде мекендейтінін тіркеді.
Жалпы алғанда, жас «бедвочерлер» 130-ға жуық дарақ қарабайды, 112 үлкен суқұзғынын, 100-ге жуық кәдімгі қоқиқазды, 80-ге жуық ауыл қарлығашын, 40-қа жуық қара ұзынқанатты, 20-ға жуық көл шағаласын, 17 үлкен сұқсырды, 15 сыбырлақ аққуды, 14 қасқалдақты, 12 қызылтұмсық сүңгуірді, 10 өгізшағаланы, 8 италақазды, 7 теңіз шүрілдегін, 5 ұзынсирақ шалшықшы мен өзен қарқылдағын, 4 саз құладыны мен сарғалдақ сұлыкешті, 3 барылдауық үйректі, 2 үлкен аққұтанды және 1 дарақ жасыл боздақты бақылады.
Қазылар алқасының құрамына «ECO-SOCIAL» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры, Орталық Азияның Рамсар өңірлік бастамасының Қазақстан атынан жұртшылықпен байланыс бойынша өкілі Әділбек Қозыбақов, сондай-ақ Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының инспекторлары Ерғали Берленов пен Әділбек Қуанов кірді.
Қазылар алқасының шешімі бойынша I орынды Балауса Түркіменбай мен Нұрай Мұрат, II орынды Ұлжан Ғұмар мен Кәмшат Айдарбай, III орынды Қайсар Төлікбай мен Дархан Сатмағамбетов иеленді. Барлығы – Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары.
Үшінші орын үшін күрес табанды болғандықтан, Сагдиана Қарақұлова мен Деля Трофимецке ынталандыру мақсатында төртінші орын берілді.
Қатысушыларға Қазақстандық биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы (АСБК) атынан естелік сыйлықтар табыс етілді. Ал жеңімпаздар мен жүлдегерлер жақын арада арнайы дипломдармен марапатталады.
Іс-шара соңында жарыстың бастамашысы және ұйымдастырушысы, «Эколидер» еріктілер клубының жетекшісі Жақсылықова Бақытгүл Өмірханқызы АСБК және Үстірт қорығының басшылығына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.