Маңғыстауда «Үздік мектеп парламенті» республикалық байқауы басталды
Маңғыстау облысында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасына сәйкес облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Үздік мектеп парламенті» республикалық байқауы басталды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Іс-шараның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының Балалар мен жасөспірімдер жұмысын үйлестіру бөлімінің басшысы Гүлдана Бекетаева және өңірлік білім басқармасының басшысы Амантай Кумбаев қатысты.
Салтанатты рәсімде облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев қатысушыларды құттықтап, республикалық деңгейдегі маңызды жобаның Маңғыстау өңірінде алғаш өткізіліп отырғанын атап өтті.
-«Үздік мектеп парламенті» республикалық байқауы киелі Маңғыстау жерінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, жастар – елдің болашағы ғана емес, бүгінгі қозғаушы күші. Мектеп парламентінің белсенді мүшелері – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын көшбасшылар. Бұл байқау оқушылардың өзін-өзі басқару жүйесін дамытуға, мектеп өмірін жақсартуға және жас көшбасшылардың бастамаларын қолдауға бағытталған, - деді Аббат Өрісбаев.
Республикалық байқауға еліміздің 20 өңірінен 100 оқушы қатысып жатыр. Байқау «Білім-инновация» лицей-интернатында және дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатында өтеді.
Сонымен қатар ҚР Оқу-ағарту министрлігі Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының бөлім басшысы Гүлдана Бекетаева байқаудың негізгі мақсатына тоқталды.
-Байқаудың басты мақсаты – мектеп парламенттерінің қызметін жандандыру, оқушылардың өзін-өзі басқару органдарының тиімді тәжірибесін анықтау және парламенттік қозғалыстың жұмысын жетілдіру. Биылдан бастап мектеп парламенттері мен өзін-өзі басқару жүйесіне «Адал ұрпақ» тұжырымдамасы енгізіліп, оқушылар арасында адалдық, еңбекқорлық, патриотизм және парасаттылық құндылықтарын дәріптеуге басымдық беріледі, - деді Гүлдана Бекетаева.
Байқау барысында қатысушылар төрт бағыт бойынша сынға түседі. Атап айтқанда, «Біз біргеміз!» шығармашылық таныстырылымы, «Жылдың үздік жобасы» таныстырылымын қорғау, «Шексіз идеялар» жағдайлық тапсырмалар байқауы және «Шығармашылық басқару» үй тапсырмасы ұйымдастырылады.
Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған қатысушылар I, II, III дәрежелі дипломдармен және 11 арнайы номинация бойынша марапатталады.