Otpan News Logo

Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Этнография» залы ашылды

|
25.12.2025 10:51
Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Этнография» залы ашылды

Ақтауда Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінде өңірдің бай рухани-мәдени мұрасын кеңінен танытатын Маңғыстау «Этнография» залының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.


Аумағы 600 шаршы метрді құрайтын жаңа экспозициялық залда Маңғыстау өңірінің дәстүрлі мәдениеті, тұрмыс-салты, қолөнері мен тарихи-мәдени құндылықтары кеңінен қамтылды. Көрме жарты жылдан астам уақыт бойы жүйелі түрде жасақталып, музей қорындағы бірегей жәдігерлермен толыққан.


Экспозция залы діни-наным сенімдер мен ислам діні, өлке этнографиясын зерттеуші ғалымдар тобы, Маңғыстау құдықтары, егін шаруашылығы және бақташылық, Адай жылқысы, аңшылық дәстүр мен тас қашау өнері, өлкеміздің музыкалық мұралары, ұлттық киім үлгілері, тері мен сүйектен жасалған бұйымдар, ағаштан жасалған бұйымдар мен ұлттық ойын және аяқ киім үлгілері, киіз үй бағыттарын қамтыды.



Салтанатты жиында Маңғыстау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Сали бұл залдың тақырыптық құрылымдық және тақырыптық экспозициялық жоспары былтыр жасақталып, осы жылдың маусым айынан құрылыс жұмыстары басталғанын айтты.


- Экспозицияда алғаш рет «Маңғыстаудың күміс әлемі» атауымен арнайы музей бөлмесінде зергерлер қолынан шыққан 250 астам күміс жәдігерлер топтамасы қойылды. Залдың жасақталуы қарсаңында адайдың бес жүйрігі Қашаған Күржіманұлының және би әрі болыс болған Өсербай Сәрсенбайұлының домбыралары музей қорын толықтырып, экспозициядан орын алды. Экспозицияның аумағында 3 тақырыптық диорамма, 6 көркемдік панно өлкеміздің салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпынан мәлімет беретін арнайы тақырыптарда жасақталды. Сонымен қатар киіз үй эвалюциясынан бастап, тарихи сәулет ескерткіштерінің арнайы макеттері жасақталып, көпшілік назарына ұсынуды мақсат етеді. Аталған экспозиция залы алдағы уақытта өлкеміздің мол мұрасы жайлы көлемді ақпарат береді деген ойдамыз, - деді Нұртас Сали.



Ұйымдастырушылардың айтуынша, жаңа экспозиция алдағы уақытта тұрғындар мен қала қонақтарына Маңғыстау өңірінің бай тарихи-мәдени мұрасын тереңірек танытуға мүмкіндік береді.

65
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!