Ақтауда мүмкіндігі шектеулі спорт клубының тәрбиеленушілері үшін жаңа жылдық шырша өтті
Ақтауда облыстық мүмкіндігі шектеулі спорт клубы өз тәрбиеленушілері үшін жаңа жылдық шырша ұйымдастырды. Мерекелік шара балалар мен ересектерді бір алаңға біріктіріп, Жаңа жылды атап қана қоймай, қатысушылардың спорттағы жетістіктерін көрсетуге мүмкіндік беріп отыр, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жаңа жылдық шыршаға облыстық инва-спорт клубының тәрбиеленушілері, олардың ата-аналары мен жаттықтырушылары қатысты. Мерекелік көңіл-күйді аниматорлар мен музыкалық бағдарлама қалыптастырды. Ал шараның негізгі бөлігі клуб тәрбиеленушілерінің көрсетілімдік өнерлеріне арналды.
«Қысқа уақыт ішінде клубқа 361 спортшы қабылданды. 2025 жыл біз үшін табысты әрі нәтижелі болды. Жыл ішінде клуб тәрбиеленушілері Азия және әлем чемпионаттарында 13 жүлделі орын иеленді, сондай-ақ Сурдлимпиада ойындарының жеңімпазы шықты. Қазіргі таңда клубта тұрақты түрде 190-ға жуық спортшы жаттығады. Баршаңызды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын. Жаңа жыл жарқын болып, балаларымыз бақытты әрі табысты болсын», - деді облыстық мүмкіндігі шектеулі спорт клубының директоры Азамат Ахмедов.
Клуб тәрбиеленушілері карате бойынша өз шеберліктерін көрсетті. Спорттық элементтер, қозғалыстың нақтылығы мен тәртіп – тұрақты жаттығулар мен табанды еңбектің нәтижесі. Бұл балалар үшін жетістіктерін көрсетуге және көрермендердің қолдауын сезінуге үлкен мүмкіндік болды.
Мерекеге қатысушылардың бірі - 15 жастағы Қожаберді Сұлтанов. Ол сурдожеңіл атлетикамен небәрі бір жылдан бері айналысады. Соған қарамастан, Қожаберді ұзындыққа секіруден Қазақстан чемпионатында жасөспірімдер арасында күміс жүлдегер атанды. Оның жетістігі – қайсарлықтың, табандылықтың және жеңіске деген ұмтылыстың айқын көрінісі.
«Баршаңызды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын. Зор денсаулық, бақыт пен амандық тілеймін. Спортпен шұғылданып, өздеріңізге сеніңіздер және мақсаттарыңызға ұмтылыңыздар. Берілмесеңіз, бәрі мүмкін», - деді Қожаберді Сұлтанов.