Экология басты назарда: Маңғыстауда ағаш егу жоспары артығымен орындалды
Маңғыстау облысында ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиевтің қатысуымен өңір тұрғындары және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесу өтті. Жиында облыстағы ауа сапасы, ірі кәсіпорындардың жауапкершілігі және көгалдандыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Вице-министрдің мәліметінше, Маңғыстау облысында 1-санаттағы қауіптілікке жататын 86 кәсіпорын жұмыс істейді. Негізгі ластаушы көздер — «МаңғыстауМұнайГаз», «ӨзенМұнайГаз», «ҚазАзот» және МАЭК секілді ірі өндіріс орындары.
2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ауаға таралатын зиянды заттар көлемі 43 мың тоннаға (23,9%) азайған. Сондай-ақ облыстағы 4 ірі нысанның үшеуі («МаңғыстауМұнайГаз», «ҚазАзот», «КаспиЦемент») ауа сапасын бақылайтын автоматты жүйелерді орнатып үлгерді.
Бүгінгі таңда экологиялық заңнаманың сақталуы қатаң тексерілуде. 2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 45 тексеріс жүргізіліп, 69 заң бұзушылық анықталған. Нәтижесінде жалпы сомасы 92 млн теңгеге 52 әкімшілік айыппұл салынды. Қазіргі уақытта оның 61,1 млн теңгесі мемлекет пайдасына өндірілген.
Айта кету керек, бүгінде өңірдегі барлық 2 қала мен 5 ауданда қалдықтарды басқару бағдарламалары толық бекітілген.
Мемлекет басшысының ел көлемінде 2 млрд ағаш отырғызу бастамасы аясында Маңғыстау облысында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда:
- Орман қоры: 2021-2025 жылдар аралығында өңірде 1 млн 291 мыңнан астам көшет егілді.
- Елді мекендер: Президенттің елді мекендерде 15 млн ағаш егу тапсырмасы аясында Маңғыстауда 136,6 мың көшет отырғызылып, жоспар толық орындалды.
Жиында Вице-министр экологиялық ахуалды жақсарту бағытындағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.