Otpan News Logo

Ақтауда 50 ерекше балаға жаңа жылдық сыйлықтар табысталды

|
26.12.2025 14:55
Ақтауда 50 ерекше балаға жаңа жылдық сыйлықтар табысталды
Фото: Ақтау қаласының әкімдігі

Ақтауда №3 әлеуметтік қызметтер орталығының тәрбиеленушілеріне арналған жаңа жылдық мерекелік шара ұйымдастырылды. Іс-шараға Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов, Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генералы Сағындық Аяғанов, Ақтау қалалық мәслихатының төрағасы Сәмбіғали Зәкенов, облыс әкімдігі мен қалалық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер, еріктілер және қала тұрғындары қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Мерекелік шара барысында қала әкімі орталық қызметкерлері мен тәрбиеленушілерін келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, балаларға арнайы дайындалған сыйлықтарды табыстады.


«Ерекше балалардың тәрбиесі мен дамуына күн сайын бар күш-жігерін арнап жүрген орталық қызметкерлерінің еңбегін сөзбен жеткізу қиын. Қала тұрғындарының атынан сіздерге шынайы алғысымды білдіремін. Бүгін балалардың армандары орындалып жатыр, бұл біз үшін зор қуаныш. Келер Жаңа жыл әрқайсыларыңызға бақыт пен қуаныш әкелсін», - деді Ақтау қаласының әкімі.


Айта кетейік, бұған дейін Ақтау қалалық мәслихатының депутаты Сүйіндік Ризаның бастамасымен «50 бала – 50 ерекше хат» атты қайырымдылық акциясы ұйымдастырылған болатын. Жоба аясында орталықтың 50 тәрбиеленушісі өз армандары мен тілектерін хат арқылы жазып, оларды қаладағы мейірімді әрі жанашыр тұрғындарға жолдады. Нәтижесінде акцияға қатысушылар балалардың тілектерін орындап, әр балаға сыйлықтарды жеке табыстады.


«Балалардың қуанышты жүзін көру - нағыз бақыт. Қандай жағдай болмасын, олардың жүзінен үміт пен шаттық көрінеді. Осы игі бастаманы қолдаған барша азаматтарға алғысымыз шексіз. Бұл жоба алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз. Балалардың спорт пен шығармашылыққа деген қызығушылығы ерекше байқалады: көпшілігі спорттық киім, микрофон, дыбыс колонкалары мен қолөнерге арналған құралдарды сұраған. Бұл олардың шығармашылық әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді», - деді Сүйіндік Риза.
47
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!