Каспий теңізінің жағдайы 50 көрсеткіш бойынша бақыланады
Қазақстан Каспий теңізінің экологиялық жағдайын бақылау жүйесін кеңейтті. 2026 жылы мамандар теңіз айдынының жағдайын 50 көрсеткіш бойынша кешенді түрде зерттеп жатыр. Оның ішінде метеорологиялық жағдай, судың құрамы, биологиялық көрсеткіштер және теңіз түбіндегі шөгінділердің жағдайы бар, деп жазады otpannews.kz.
Сонымен қатар Каспий жағалауындағы 26 көрсеткіш бойынша тұрақты бақылау жүргізіледі. Деректерді жинау және талдаумен былтыр қыркүйекте жұмысын бастаған Қазақ Каспий теңізін зерттеу ғылыми-зерттеу институты айналысады.
Ғылыми зерттеулер бағдарламасы өткен жылы әзірленген. Оның аясында Каспий акваториясында екі теңіз экспедициясын өткізіп, 21 станцияны зерттеу жоспарланған. Бұдан бөлек, жағалаудағы 22 нүктеде тұрақты жерүсті бақылау жүргізіледі.
Зерттеу барысында теңіздегі метеорологиялық, гидрологиялық, гидрохимиялық және биологиялық көрсеткіштер бағаланып, түпкі шөгінділердің жағдайы зерделенеді. Ал жағалауда қоршаған ортаның жағдайына аспаптық және визуалды бақылау жасалады.
Институтты қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін Үкімет резервінен 1,1 млрд теңге бөлінген. Қаражат теңіз зерттеулеріне арналған жабдықтар мен гидробиологиялық және гидрохимиялық зертханаларды жарақтандыруға бағытталды. Бұл ғалымдарға зерттеулерді тікелей теңізде жүргізіп, судың сапасы мен теңіз ағзаларының жағдайын бақылауға мүмкіндік береді.
Қазақ Каспий теңізін зерттеу ғылыми-зерттеу институты Каспий маңы елдерінің университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтары қауымдастығына да қосылды. Бұл қазақстандық ғалымдарға өңірдегі әріптестерімен деректер, зерттеу нәтижелері және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Кешенді мониторингтің негізгі мақсаты – Каспий теңізінің экожүйесі туралы өзекті ақпарат жинап, оның жағдайын сақтау және қорғауға бағытталған тиімді шараларды әзірлеу болып отыр.