Otpan News Logo

Ақшаға тұрғын үй кезегін жылжытқан: «Отбасы банкте» жемқорлық деректері анықталды

|
12.08.2026 17:35
Ақшаға тұрғын үй кезегін жылжытқан: «Отбасы банкте» жемқорлық деректері анықталды

«Отбасы банктен» қызметкерлер тарапынан бірқатар сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары анықталды. Банк қызметкерлері жұмыстан шығарылып, материалдар құқық қорғау органдарына жолданған, деп хабарлайды otpannews.kz.


Банктің Қазақстан қор биржасында жарияланған 2025 жылғы жылдық есебіне сәйкес, кейбір қызметкерлер клиенттердің, риелторлардың, жеке сот орындаушылары мен нотариустардың мүддесін заңсыз ілгерілеткені үшін сыйақы алған. Анықталған заңбұзушылықтардың қатарында тұрғын үй кезегін ақшаға жылжыту дерегі де бар.


Сонымен қатар банк филиалдарының бірінде қызмет еткен маман клиенттердің табысы туралы жалған құжаттар дайындаған. Бұл құжаттар клиенттердің несие төлеу қабілетін растау үшін пайдаланылып, несие рәсімдеуге арналған өтінімдерге тіркелген.


«Аталған қызметкерлермен еңбек шарттары жұмыс берушінің бастамасымен сенімнің жоғалуына байланысты тоқтатылды», - деп жазылған банк есебінде.


Алайда қызметкерлерді жұмыстан шығару шарасымен іс аяқталмаған. Банк бұрынғы қызметкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы құқық қорғау органдарына арыз берген. Анықталған фактілер бойынша бірнеше қылмыстық іс аясында сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.


Жарияланған ақпаратта жемқорлық схемаларына нақты қанша қызметкердің қатысқаны, заңсыз сыйақы көлемі және заңбұзушылықтар банктің қай филиалдарында анықталғаны нақтыланбаған.

10
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!