Алдағы күндері бірнеше маңызды астрономиялық құбылыс болады
Тамыз айының бірнеше күнінде аспаннан ерекше астрономиялық құбылыстарды тамашалауға мүмкіндік бар. 12 тамыз – соңғы жылдардағы аспанды бақылауға ең қолайлы күндердің бірі. Бір тәуліктің ішінде бірден үш маңызды астрономиялық құбылыс болады, деп жазады otpannews.kz.
Бүгін таң атқанға дейін аспанда алты планета бір қатарға тізілгендей көрінді. Кейін Еуропаның кейбір аймақтарында толық Күн тұтылуы болып, күндізгі уақыт түнге айналады. Өкінішке қарай, бұл құбылысты Қазақстан аумағынан бақылау мүмкін емес.
Ал қараңғы түскеннен кейін Персеид метеор ағыны шарықтау шегіне жетеді. Биыл бұл құбылысты бақылауға жаңа айдың болуы да қолайлы жағдай туғызады. Аспан қараңғы болғандықтан, сағатына жүзге жуық «аққан жұлдызды» көруге мүмкіндік туындамақ.
Алайда тамыздағы астрономиялық құбылыстар мұнымен аяқталмайды. 15 тамызда Шолпан планетасы биылғы жылы кешкі аспандағы ең биік нүктесіне көтеріледі. Оны күн батқаннан кейін батыс бағыттан көрінеді. Бұл уақытта аспандағы ең жарық нысан Шолпан болады.
16 тамызда Шолпанға жас Айдың жіңішке орағы қосылады. Ай мен «кешкі жұлдыз» бір-біріне жақын орналасып, жаздағы ең әдемі аспан көріністерінің бірін қалыптастырады.
28 тамызда Ай тұтылады. Бұл кәдімгі толық Ай тұтылуы емес. Ай дискісінің шамамен 96 пайызы Жердің көлеңкесіне еніп, қою қызыл түске боялады. Бұл – Айдың жартылай тұтылуы. Құбылысты әлемнің көптеген өңірінің тұрғындары бақылай алады. Қазақстан бұл аймақтардың қатарына кірмейді.
Ал тамыздың астрономиялық құбылыстарына 31 тамызда нүкте қойылады. Бұл күні жарық Шолпан Бикеш шоқжұлдызындағы ең жарық жұлдыз – Спикаға жақындайды. Батыс аспанында планета мен көгілдір-ақ түсті жұлдыз бір-біріне өте жақын орналасып, қос жұлдыз секілді көрінеді.