Otpan News Logo

ӘЧ-2026 финалы: Испания-Аргентина арасындағы матчта қазылық ететін төреші белгілі болды

|
17.07.2026 12:00
ӘЧ-2026 финалы: Испания-Аргентина арасындағы матчта қазылық ететін төреші белгілі болды
Фото: Ашық дереккөзден

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының Испания мен Аргентина құрамалары арасындағы финалдық кездесуіне словениялық төреші Славко Винчич бас қазы болып тағайындалды. Бұл туралы Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) хабарлады, деп жазады otpannews.kz.


Финалдық матч 19 шілде күні АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы «Метлайф» стадионында өтеді. Кездесу Астана уақытымен 00:00-де (20 шілде) басталады.


46 жастағы Винчичке жерлестері Томаж Кланчник пен Андраж Ковачич көмекшілік етеді. Қосалқы төреші қызметін иорданиялық Адхам Махадмех атқарады.


FIFA финал төрешісін таныстыру рәсімінен бейнежазба жариялады. Онда Славко Винчич өз есімі аталған сәтте толқып, көз жасына ерік бергені байқалды. Кейін әріптестері оны құттықтаған.


Винчич 2010 жылдан бері FIFA төрешісі саналады. Ол Еуро-2020, Еуро-2024 және 2022 жылғы әлем чемпионатында қызмет атқарған. Биылғы мундиальда Бразилия-Марокко (1:1), Иордания-Алжир (1:2) және Мексика- Эквадор (2:0) кездесулеріне төрелік етті. Осы үш матчта жеті сары қағаз бен бір қызыл қағаз көрсетті.


Айта кетейік, Винчич 2022 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі Аргентина-Сауд Арабиясы (1:2) кездесуіне де төрешілік еткен болатын. Сол матчтағы пенальти шешімі мен офсайдтарға байланысты оның жұмысы қызу талқыға түскен еді. Соған қарамастан Аргентина кейінгі барлық ойында жеңіске жетіп, әлем чемпионы атанды.


Аргентина құрамасы өз тарихында төртінші мәрте әлем чемпионатының финалында ойнайды. Бұған дейін 1978, 1986 және 2022 жылдары чемпион атанған. Ал Испания құрамасы тарихында екінші рет финалға шығып отыр. Испандар 2010 жылы әлем чемпионы атанған болатын.


Ал Франция мен Англия арасындағы үшінші орын үшін өтетін матчқа венесуэлалық төреші Хесус Валенсуэла тағайындалды. Кездесу 19 шілде күні өтеді.

48
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!