Otpan News Logo

Бибісара Асаубаева Global Chess League-2026 турнирінде қола жүлде алды

|
16.09.2026 11:36
Бибісара Асаубаева Global Chess League-2026 турнирінде қола жүлде алды

Қазақстандық гроссмейстер, үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева Үндістанның Бангалор қаласында өткен Tech Mahindra Global Chess League – 2026 командалық турнирінде қола жүлдеге ие болды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Асаубаева жарыста FYERS American Gambits клубының сапында өнер көрсетті. Команда финалға жолдама ала алмағанымен, жалпы есепте үшінші орынға тұрақтады.


«Финалға шығуға сәл ғана сәттілік жетіспеді. Дегенмен қола жүлде алғанымызға қуаныштымын. Бізді күн сайын қолдаған жанкүйерлерге және жылы қабылдаған Бангалор қаласына рақмет», – деп жазды шахматшы әлеуметтік желідегі парақшасында.


Турнир барысында қазақстандық шахматшы екі кездесуде жеңіске жетіп, бес партияны тең аяқтаған. Сонымен қатар үш рет қарсыластарына жол берген.


Асаубаева жарыс кезінде ресейлік шахматшы Полина Шувалованы жеңіп, матчтың үздік ойыншысы атанды.


Қазақстандық гроссмейстер енді басты назарын Дүниежүзілік шахмат олимпиадасына аудармақ. Ол аталған додада Қазақстан ұлттық құрамасының сапында ел намысын қорғайды.


Айта кетейік, Tech Mahindra Global Chess League - 2026 турнирінің жалпы жүлде қоры 1 миллион долларды құрады.

52
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!