Otpan News Logo

Маңғыстаулық параспортшы Үндістанда өтетін халықаралық жарысқа қатысады

|
16.09.2026 10:44
Маңғыстаулық параспортшы Үндістанда өтетін халықаралық жарысқа қатысады

Ақтаулық параспортшы Мақсат Жұмабаевтың қол күресіне қатысып жүргеніне биыл 6 жыл толады. Қала, облыс, республикалық жарыстарда топ жарған параспортшы биыл қолкүрестен Азия чемпионы атанды. Биік белесті бағындырып, денсаулығын басты назарда ұстайтын жеткіншек Үндістанда өтетін әлемдік додаға қызу дайындық үстінде. Otpannews.kz сайтының тілшісі параспортшымен арнайы кездесіп, сұхбаттасып қайтты. 


Мақсаттың туа біткен «күрделі астигматизм» диагнозы бар. Параспортшы алғашында дәл осы санат бойынша байқауларға қатысқан. Ал қазір тірек-қимыл аппараты бұзылғандар арасында жарыстарға барып, үздік нәтиже көрсетіп келеді. 


«Менің спортқа келудегі мақсатым – жеңіс пен даңқ емес, шыныққан шымыр дене мен мықты денсаулық болған. Залға жаттығуға келгенде жарыстарға қатысамын деген ой болмады. Жай ғана сымбатты дене қаладым. Бірақ уақыт өте жаттықтырушым жарыстарға қатысып көруді ұсынды. Бас тартпай, қала деңгейіндегі турнирге бардым. Одан жүлдеді болып, облысқа жолдама алдым. Бұл естеліктер – менің спорттағы ең алғашқы қадамдарым. Енді міне, араға 6 жылға жуық уақыт салып, «Азия чемпионы »атағын алдым,- дейді Мақсат. 


Ұлтымызда «Адамды досына қарап таниды» деген сөз бар. Бұл қанатты сөз – Мақсаттың ұстанымы. Ол спорт арқылы дос тауып, ортасын ғана қалыптастырмады. Сондай-ақ әлемді аралау мүмкіндігін алды. 


«Турнирлерге қатысып, ел ішіндегі түрлі қалаларды көрдім. Шекара асып, Үндістанға, Ташкентке де барып көрдім. Спорт маған көп мүмкіндік бергені рас. Жарыстарда түрлі спортшы көресің. Олардың әлеуметтік жағдайлары, денсаулықтары әртүрлі. Салыстырып, ойлау шеберің де өседі»,- дейді қолкүрестен Азия чемпионы. 


Мақсат Жұмабаев жеткен жетістіктерінің барлығы осы кезге дейін жаттықтырып, төзім танытқан жаттықтырушыларының арқасы екенін айтады. Оның айтуынша, білікті мамандар мен еліміздегі спортшыларға көрсетілетін көмектің арқасында көп жетістікке жетуге болады. Мақсат шетелде өткен жарыстарға барғанда Қазақстан спортшылары мен өзге елдерден келген қатысушылардың айырмашылығын байқаған. 


«Үндістанда, Ташкентте өткен жарыстарда байқағаным – біздің елдің спортшылары әлдеқайда мықтырақ. Әлеуметтік жағынан да, дайындық жағынан да Қазақстандық қатысушылар ерекшеленеді. Біздің елде спортшыларға берілетін мүмкіндік көп, сапа да жоғары. Спорт – мүмкіндіктер алаңы. Әлемде мүмкіндік – шексіз. Бастысы талап пен еңбек»,- дейді параспортшы Мақсат Жұмабаев. 


Арманы асқақ, мақсаты айқын жас жігіт болашақта әлемдік аренада төбе көрсетіп, чемпион атануды көздейді.

70
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!