Otpan News Logo

«Таза-Ақтау» мекемесі Ақтау қаласын санитарлық тазарту және абаттандыру жұмыстарымен айналысады

|
13.08.2026 16:09
«Таза-Ақтау» мекемесі Ақтау қаласын санитарлық тазарту және абаттандыру жұмыстарымен айналысады
ашық дереккөз

Ақтауда «Таза-Ақтау» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнын құру қаланы санитарлық тазарту, абаттандыру, көгалдандыру және қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметтерін жүйелеуге бағытталған жұмыстардың аясында жүзеге асты, деп хабарлайды otpannews.kz.


 «Таза-Ақтау» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының құрылтайшысы - Ақтау қаласының әкімдігі, ал басқарудың уәкілетті органы - Ақтау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі.


Кәсіпорнының негізгі міндеті - қала тұрғындарына, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару, санитарлық тазарту, көгалдандыру және абаттандыру қызметтерін көрсету.


Қазіргі уақытта кәсіпорынның материалдық-техникалық базасын қалыптастыру және өндірістік қызметін ұйымдастыру бойынша дайындық жұмыстары жүріп жатыр.


«Бекітілген штат кестесіне сәйкес, кәсіпорынның штат саны 1272 адамды құрайды. Оның ішінде 1236-ы - өндірістік қызметкер, 36-ы - әкімшілік-басқарушы персонал. Сонымен қатар, 27 шағынауданда орналасқан ғимарат пен 14 мобильді дәретхананы кәсіпорын балансына беру жұмыстары жүргізілуде», - деді Ақтау қаласы әкімдігінің ТҮКШ бөлімі.


Кәсіпорынның техникалық базасын нығайту үшін лизинг шарты бойынша 24 бірлік арнайы техника алынды. Олардың қатарында бес самосвал, үш шағын габаритті сыпыру-жинау машинасы, алты қоқыс таситын көлік, үш аралас жол машинасы, бір вакуумдық машина және алты сыпыру-жинау машинасы бар. 


Сондай-ақ әкімдік өкілдері «Приморский» сарбаздар жағажайын абаттандыру жоспарланғанын атап өтті. Ол үшін 2026-2027 жылдарға жалпы сомасы 874,6 млн теңгеге келісімшарт жасалды. Оның 600 млн теңгесі 2026 жылға, 274,6 млн теңгесі 2027 жылға қарастырылған. Қазіргі уақытта нысан аумағында қоршау орнату жұмыстарын бастауға дайындық жүріп жатыр. Одан кейін абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылады.


«Таза-Ақтау» кәсіпорнының өндірістік қызметке толыққанды көшуі 2027 жылдың қаңтарына жоспарланған. Осы кезеңнен бастап мекеме қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз етумен, абаттандырумен, сондай-ақ заңды тұлғалардан қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналыса бастайды.

74
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!