Маңғыстауда қыркүйекке дейін 163 білім беру нысанында жөндеу жұмыстары аяқталады
Маңғыстау облысында биыл 163 білім беру ұйымында жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 63 балабақша, 95 мектеп және 5 колледж бар. Барлық жөндеу жұмыстарын жаңа оқу жылы басталғанға дейін, белгіленген мерзімде толық аяқтау жоспарланған, деп хабарлайды otpannews.kz.
Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026-2027 оқу жылына дайындық аясында басқарма басшысы Амантай Құмбаев Ақтау қаласындағы бірқатар білім беру ұйымына барып, жөндеу жұмыстарының барысын тексерді.
Жұмыс сапары барысында басқарма басшысы №10 жалпы білім беретін мектепке және мамандандырылған IT-мектепке барып, жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.
Ол жөндеу жұмыстарының сапасына және олардың белгіленген мерзімде аяқталуына ерекше назар аударуды тапсырды. Қазіргі таңда мектептерде оқу кабинеттері, дәліздер, спорт және акт залдары жаңартылып жатыр. Жөндеу жұмыстарының сапалы әрі уақытында аяқталуы жаңа оқу жылына білім беру ұйымдарын толық дайындауға мүмкіндік береді.