«Кендірлі» су тұщыту зауыты Жаңаөзен тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеді
Маңғыстау облысында биыл сәуір айында іске қосылған «Кендірлі» су тұщыту зауыты тәулігіне 50 мың текше метрге дейін теңіз суын тұшыта алады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жүзеге асырған жоба Жаңаөзен қаласы мен оған іргелес елді мекендерді сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, теңіз суын тұщытуға арналған кәсіпорын Қазақстандағы ірі жобалардың бірі саналады. Зауыттың технологиялық кешені кері осмос қондырғылары орнатылған су тұщыту, тұзсыздандыру және минералдандыру цехтарынан тұрады. Зауыт толық автоматтандырылған жүйеде жұмыс істейді.
Зауыттың бас директоры Мақсат Ибағаров қазіргі таңда зауыт жобалық қуатында жұмыс істеп тұрғанын айтты. Жоба бойынша зауыт екі режимде жұмыс істеуге есептелген: 50% жүктемеде, яғни тәулігіне 25 мың текше метр және 100% жүктемеде тәулігіне 50 мың текше метр.
- Зауыт қазіргі таңда жобалық қуатымен жұмыс істеп тұр. Теңіз жағалауынан 730 метр қашықтықта орналасқан су алу құрылғылары арқылы 11 метр тереңдіктен теңіз суы арнайы диаметрі 1400 миллиметр болатын екі құбырмен алынады. Өндірістік процестің барлығы автоматтандырылған жүйе арқылы бақыланады. Судың сапасына тұрақты түрде зертханалық сараптама жүргізіледі. Тұщыту процесінен кейін ауыз суға қажетті пайдалы минералдар қосылып, дайын су Жаңаөзен қаласының тұрғындарына жеткізіледі. Қазіргі таңда су тапшылығы жоқ, халыққа су үздіксіз беріліп отыр, - деді Мақсат Ибағаров.
Зауытта тұрақты түрде 88 адам еңбек етеді. Қызметкерлердің басым бөлігі - Маңғыстау өңірінің тұрғындары. Кәсіпорын мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруға да ерекше мән беріледі. Инженерлік-техникалық қызметкерлер тұрақты түрде оқытылып, өндірісте қолданылатын заманауи технологиялар мен жабдықтарды пайдалану бойынша білімдерін жетілдіріп отырады.
Жоба аясында зауыттан Жаңаөзен қаласына дейін магистральдық су құбыры тартылды. Сонымен қатар нысанның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін электр беру желілері, талшықты-оптикалық байланыс желісі, газ құбыры және басқа да коммуникациялар салынды.
Кәсіпорында Еуропа, АҚШ, Түркия, Жапония, Ресей және Қытайдың жетекші өндірушілерінің заманауи технологиялық жабдықтары орнатылған. Зауыттың өндірістік қауіпсіздігі мен технологиялық процестерді бақылауға арналған заманауи техникалық құралдар да қарастырылған. Атап айтқанда, кәсіпорын аумағында қызметкерлердің қозғалысына арналған электр көліктері, теңіздегі жұмыстарды жүргізуге арналған қайық және суасты жұмыстарын бақылауға мүмкіндік беретін арнайы дрон қолданылады.