Otpan News Logo

Мұғалім оқушының телефонын алып қоя ала ма?

|
02.08.2026 14:38
Мұғалім оқушының телефонын алып қоя ала ма?

Қазіргі таңда мектептерде жиі туындайтын мәселелердің бірі – сабақ кезінде оқушының ұялы телефон қолдануы. Көп ата-ананы «Мұғалім телефонды алып қоюға құқылы ма?» деген сұрақ мазалайды, деп жазады otpannews.kz

 

Қазақстанның «Білім туралы» заңына сәйкес, оқу процесі кезінде ұялы телефонды пайдалануға тыйым салынған. Ерекше жағдай ретінде мұғалімнің тапсырмасымен білім беру мақсатында қолдануға ғана рұқсат етіледі.

 

Дегенмен заңда мұғалімнің телефонды тәркілеуге құқығы бар екені нақты жазылмаған. Егер мектептің ішкі тәртіп ережесінде телефонды уақытша мұғалімге немесе арнайы орынға тапсыру қарастырылса, онда бұл талап заңды болып есептеледі.

 

Телефонды уақытша сақтау тәртібі алдын ала оқушылар мен ата-аналарға түсіндіріліп, қайтару мерзімі мектептің ішкі қағидаларында көрсетілуі тиіс. Әдетте құрылғы сабақ аяқталғаннан кейін немесе оқу күні соңында қайтарылады. Ал телефонды бірнеше күнге алып қоюға заңда нақты негіз жоқ.

 

Сондай-ақ мұғалімнің оқушының телефонындағы жеке ақпаратты тексеруге құқығы жоқ. Яғни хабарламаларды оқу, фотосуреттерді қарау, әлеуметтік желілерді тексеру немесе құпиясөзді талап ету заңмен қарастырылмаған. Қазақстан Конституциясы азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмауына және хат-хабар құпиясының сақталуына кепілдік береді.

 

Мамандардың айтуынша, мектепте оқу тәртібін қамтамасыз ету маңызды болғанымен, оқушының заңмен қорғалатын құқықтары да сақталуы қажет. Сондықтан телефонға қатысты барлық талаптар білім беру ұйымының ішкі ережесіне негізделіп, заң аясында жүзеге асырылуы тиіс.

73
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!