Otpan News Logo

Биыл 377 маңғыстаулық қоныс аудару бағдарламасымен өзге өңірлерге көшті

|
03.08.2026 13:41
Биыл 377 маңғыстаулық қоныс аудару бағдарламасымен өзге өңірлерге көшті

Биыл 377 маңғыстаулық қоныс аудару бағдарламасымен Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Абай облыстарына көшті. Бұл туралы otpannews.kz студиясында сұхбатта Еңбек мобильді орталығының директоры Ұлбазар Орынбаева мәлімдеді.


Ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы Қазақстанда 2017 жылдан бері жұмыс істейді. Бұл бастама еңбек ресурстары артық өңірлерден кадр тапшылығы байқалатын аймақтарға халықтың ұтқырлығын арттыру мақсатында жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама аясында өңірлер шығу және қабылдау өңңірлері болып екіге бөлінген. Шығу өңірлеріне Маңғыстаумен қатар Алматы, Жамбыл, Жетісу, Түркістан, Қызылорда облыстары және Астана, Алматы, Шымкент қалалары жатады. Ал қабылдау өңірлері ретінде Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Қарағанды облыстары, сондай-ақ Абай және Ұлытау облыстары белгіленген. 


Статистика көрсеткендей, бағдарламаға қызығушылық жыл сайын артып келеді. Мәселен, өткен жылы барлығы 37 отбасы (173 адам) қоныс аударса, биыл бұл көрсеткіш өсіп, 76 отбасы, яғни 377 адам жаңа қонысқа көшті, оның ішінде көштің басым бөлігі Солтүстік Қазақстан облысын таңдаған.


«Елдегі демографиялық теңгерімсіздікті реттеуді көздеген бұл маңызды мемлекеттік бастама Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы № 234 бұйрығымен бекітілген қағидалар негізінде қарқынды жүзеге асырылып келеді. Қоныс аудрушы азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсету шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, тұрғын үйді жалдау (жалға алу), коммуналдық көрсетілетін қызметтер шығыстарын өтеп береді. Сондай-ақ жатақханаларда қызметтік тұрғын үйлер немесе бөлмелер беруді, жұмыс берушінің қажеттілігі болған кезде кәсіптік оқытуды жүзеге асырады. Қажет болған жағдайда қысқа мерзімді оқуларға қатыстыру мүмкіндігі де қарастырылған. Сондай-ақ жаңа тұрғылықты жерінде жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесіп, тұрақты жұмысқа орналасуға жағдай жасайды»,- деді Ұлбазар Қыдырбайқызы.


Қоныс аударушыларға көрсетілетін әлеуметтік көмек түрлері мен олардың шарттарына биыл бірқатар маңызды өзгерістер енгізілді. Бағдарлама қағидаларының 18-тармағына сәйкес, көшуге арналған субсидиялар отбасының әрбір мүшесіне бір реттік 70 АЕК(302 750 теңге) мөлшерінде беріледі, бұл үшін жаңа тұрғылықты жері бойынша кемінде қатарынан 3 ай бойы міндетті әлеуметтік аударымдар жүргізіліп, еңбек қызметі расталуы тиіс. 


Сондай-ақ тұрғын үй жалдау және коммуналдық қызмет шығындарын өтеу үшін жаңа мекенжайда кемінде қатарынан 6 ай бойы міндетті әлеуметтік аударымдары бар еңбек қызметі расталуы қажет, ал төлем мөлшері тұрған жері мен отбасы мүшелерінің санына байланысты 15 АЕК пен 30 АЕК аралығында өзгереді. 


Қоныс аударушы үй сатып алу үшін қандастар мен қоныс аударушыларға 1 625 АЕК немесе 2026 жылы 7 028 125 теңге мөлшерінде экономикалық мобильділік сертификаты беріледі. Оны алу үшін кемінде қатарынан 12 ай әлеуметтік аударымдары бар еңбек жолын растау қажет.


«Алайда сертификат арқылы алынған жылжымайтын мүлікті жақын туыстарынан сатып алуға болмайды және оны 5 жыл ішінде сатуға қатаң тыйым салынады»,- деді Еңбек мобильді орталығының директоры Ұлбазар Орынбаева.


Ұлбазар Қыдырбайқызының айтуынша, қоныс аударушы маңғыстаулықтардың басым бөлігі Солтүстік Қазақстан облысын таңдайды. Басты себеп – теміржол қатынасының болуы мен өлке табиғатының ерекшелігі.  


«Маңғыстау облысы өңір басшысының тапсырмасымен арнайы жұмыс тобы Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарына іссапармен барып қайтты. Сапардың басты мақсаты – бұрын көшіп барған маңғыстаулықтардың тұрмыстық жағдайымен танысу, алдағы уақытта қоныс аударуға ниетті азаматтарға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу және қабылдаушы өңірдің әлеуетін бағалау болды. Жұмыс тобы талдаған Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов атындағы ауданы ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі мен тұрақты жұмыс орындарының саны бойынша өңірдегі ең жоғары әлеуетке ие болса, Айыртау ауданы әлеуметтік инфрақұрылымы жақсы дамыған, білім беру, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы салаларында жұмысқа орналасу мүмкіндіктері мол аймақ ретінде көрінді. Ал Аққайың ауданы облыс орталығына жақын орналасуымен, қолжетімді тұрғын үй қорымен және тиімді көлік-логистикалық байланыстарымен ерекшеленеді»,- деп қосты Ұлбазар Орынбасарова.


Айта кетейік, ерікті түрде жаңа тұрғылықты жерге көшуге ниет білдірген азаматтар ешқандай әкімшілік кедергілерсіз электрондық форматта құжат тапсыра алады. Өтініштер www.migration.enbek.kz порталы арқылы қабылданады және тек қана өтініш берушінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен (ЭЦҚ) расталып, ресми түрде жолданады.

53
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!