Маңғыстауда 44 мың оқушының мектепке дайындығына 2 млрд-тан астам қаражат бөлінді
1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында Маңғыстау облысында жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және аз қамтылған отбасылардың оқушыларын қолдауға бағытталған дәстүрлі «Мектепке жол» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясы өтеді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Биылғы оқу жылына дайындық шаралары аясында өңірде 44 030 балаға 50 мың теңгеден қолдау көрсету жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа жалпы есебі 2 млрд 311 млн 600 мың теңге қаражат қарастырылған.
«Акцияның басты мақсаты — балалардың әлеуметтік себептермен мектепке келмеуінің алдын алу және оқу жылына дайындық кезеңінде жан-жақты көмек көрсету. ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы № 64 Қаулысына сәйкес, мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражат есебінен белгіленген санаттағы оқушыларға қаржылай және материалдық көмек көрсетіледі»,- деді Маңғыстау облысының білім басқармасы өкілдері.
Атап айтқанда:
- Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (АТК) алуға құқығы бар отбасылардың балалары;
- АТК алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балалар;
- Отбасыларда тұратын жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар;
- Төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді қажет ететін отбасылардың балалары;
- Білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын өзге де санаттағы білім алушылар.
ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі № 158 бұйрығымен бекітілген қағидаларға сай, көмек алу үшін қажетті құжаттар тікелей білім беру ұйымдарына тапсырылады. Сондай-ақ бюджеттік қаржыландырудан бөлек, әлеуметтік жағынан көмекке мұқтаж отбасылардың тізімі жасақталып, меценаттар мен демеушілерге арнайы хаттар жолданады.