Ақтауда TikTok-та балағат сөз айтқан әйелге айыппұл салынды
Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша азаматша К.-ға қатысты әкімшілік істі қарады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Сот мәліметінше, азаматша К. өзінің TikTok әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған жазбасында басқа қолданушының пікіріне жауап ретінде дене мүшелерін көрсетіп, былапыт сөздер қолданған. Бұл әрекеті қоғамдық тәртіпті бұзу және айналасындағыларға құрметсіздік таныту ретінде бағаланған.
Сот отырысында азаматша өз кінәсін толық мойындап, мұндай әрекетті қайталамайтынын айтқан. Оның кінәсі полиция қызметкерінің рапортымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен және іс материалына дәлел ретінде тіркелген бейнежазбамен расталған.
Аталған баптың санкциясына сәйкес, құқық бұзушыға 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салу, 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.
Сот қаулысымен азаматша К. кінәлі деп танылып, оған 86 500 теңге (20 АЕК) көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Айта кетейік, сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.