Маңғыстаулық шебер сайлау күні мектеп мұражайына ұлттық бұйымдар тарту етті
Маңғыстау ауданында ұлттық қолөнер бұйымдарын жасайтын шебер Күміс Қосбай Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысып, дауыс берді, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Ұлттық қолөнерді дәріптеп жүрген көпбалалы ана сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Сонымен қатар ол арнайы дайындаған, «Құрылтай 2026» жазуы бейнеленген киізден жасалған бұйымдарды аудан мектептерінің біріндегі мұражай қорына сыйға тартты.
Бұл – ел тарихында алғаш рет өтіп отырған Құрылтай сайлауына орай ұлттық өнерді ұлықтаған ерекше бастамалардың бірі. Шебердің өз қолымен дайындаған текеметті дәл осы тарихи күні мектеп мұражайына тарту етуі кейінгі ұрпаққа бүгінгі маңызды саяси оқиғаның өзіндік белгісін қалдыруды көздейді.
Қолөнер шеберінің айтуынша, бұл бастама арқылы ұлттық өнерді насихаттап, елдің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды іс-шараға өз үлесін қосуды мақсат еткен.