Маңғыстаулық спортшы Нұрбек Мунлыков Құрылтай сайлауында дауыс берді
Панкратионнан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Маңғыстау облысының аралас жекпе-жек, панкратион және грэпплинг федерациясының президенті, кәсіби аралас жекпе-жек клубының директоры Нұрбек Мунлыков Алматы қаласында дауыс берді, деп хабарлайды Otpannews.kz.
Бүгін – ел үшін маңызды күн. Ал бұл күннің маңыздылығын айқындайтын – азаматтық ұстанымын белсенді түрде білдіретін Қазақстан азаматтарының өздері.
Бүгін әрқайсымыз конституциялық құқығымызды пайдаланып, өз болашағымызды таңдауға мүмкіндік алып отырмыз. Себебі нәтижесінде Құрылтай құрамын жасақтайтын партиялар елдің ішкі саясатын және мемлекет пен қоғам дамуының алдағы бағыттарын айқындайды.
Жаңа орган ретінде Құрылтайды үлкен жұмыс күтіп тұр. Ең алдымен, ол халықтың беделі мен сеніміне ие болуы керек. Ал бұл қоғаммен тығыз байланыс орнатып, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты арқылы ғана жүзеге асады.
«Мен – Маңғыстау облысының тұрғынымын. Алайда жеке жағдайыма байланысты сайлау күні басқа қалада болдым. Дауыс беру үшін өзге өңірде дауыс беруге мүмкіндік беретін есептен шығару куәлігін алып, азаматтық таңдауымды жасадым.
Сайлауалды бағдарламаларда көрсетілген барлық міндеттер мен партиялық ұстанымдар іс жүзінде ең жақсы көрініс табады деп сенемін. Қазақстанды жарқын әрі бейбіт болашақ, тұрақты даму мен өркендеу күтіп тұрғанына сенемін», – деді Нұрбек Мунлыков.