Маңғыстауда жас босанған аналар Құрылтай сайлауында дауыс берді
Маңғыстау облысында жаңа босанған аналар ел өміріндегі маңызды саяси науқаннан қалыс қалмай, Құрылтай сайлауында өз таңдауларын жасады.
Сайлауға қатысқан аналардың қатарында жетінші сәбиін дүниеге әкелген Қазына Шамұрадова да бар. Ана мен бала орталығында сәбиін бауырына басқан ана өз азаматтық таңдауын жасап, ақ тілегін жеткізді.
- Балаларымыздың болашағы жарқын, еліміздің келешегі мығым болсын деген ниетте құрылтайда өз таңдауымды жасадым. Бүгін, міне жетінші бөпемді осы жерде дүниеге алып келіп жатырмын. Перзентханада жатсақ та сайлауға қатысуға толық мүмкіндік берілді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын,– деді көпбалалы ана Қазына Шамұрадова.
Ана мен бала орталығында ана атанып, жаңа өмірдің бастауында тұрған әйелдердің елдік таңдауға қатысуы – азаматтық жауапкершілік белгісі. Сайлау комиссиясының мүшелері босанған аналардың дауыс беруіне мүмкіндік жасасады.
- Таңғы сағат 6-дан бастап аналар өз таңдауларын жасап жатыр. Осы уақытқа дейін өңір бойынша 250-ден астам босанған ана дауыс берді. Ана атанып, өмірге сәби әкеліп жатқан әйелдердің елдік маңызды науқаннан тыс қалмауға деген ықыласы да ерекше – маңызды,- деді Маңғыстау облыстық Ана мен бала орталығының бас акушері, сайлау комиссиясының мүшесі Гүлсара Ахметжанова.
Айта кетейік, облыстық Ана мен бала перинаталдық орталығында бүгін, Құрылтай сайлауы күні 4 ұл, 4 қыз дүниеге келді.