Маңғыстауда майдангерлер рухына тағхым етілді
9 мамыр – Жеңіс күніне орай Маңғыстау облысында Ұлы Отан соғысы батырларын еске алуға арналған салтанатты шара өтті. Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақтау қаласындағы «Мәңгілік алау» монументіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиналған жұрт еске алу шарасында соғыс жылдарында қаза тапқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Жиналғандар майдангерлердің ерлігі мен жанқиярлығы – отансүйгіштік пен елге адал қызмет етудің жарқын үлгісі екенін атап өтті.
Салтанатты рәсімге тыл ардагерлері, Наталья Дементьева, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, әскери қызметшілер мен қала тұрғындары қатысты.
Шарадан кейін облыс әкімі өңірдегі Ұлы Отан соғысының жалғыз ардагері Ольга Заривняктың шаңырағына барып, Мемлекет басшысының атынан құттықтауын жеткізді.
Кездесу барысында Нұрдәулет Қилыбай ардагердің соғыс жылдарындағы ерлігі мен қайсарлығына алғыс білдірді.
– Сіздің ерлігіңіз – келер ұрпақ үшін баға жетпес мұра. Майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің жанқиярлығының арқасында біз бүгін бейбіт өмір сүріп, еліміздің тәуелсіздігін нығайтып келеміз. Сіздің өмір жолыңыз – өскелең ұрпаққа үлгі боларлық шынайы ерлік пен Отанға адалдықтың символы, – деді облыс әкімі.
Биыл Ольга Платоновна Заривняк 99 жасқа толады. Ол соғыс жылдары Беларусь аумағындағы партизандық қозғалысқа қатысып, байланысшы қызметін атқарған.