Маңғыстауда ҚР Қызыл кітабына енген Қарабай құсы мекендейді
Маңғыстауда күн жылып, құстар ән салды. Көктем шығып, түрлі құстар өлкеге оралды. Олардың қатарында ҚР Қызыл кітабына енген қарабай құсы да бар, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Қарабай – Маңғыстау табиғатының інжу-маржаны іспетті, өте сирек кездесетін құс. Ол сырттай қара түсті болып көрінгенімен, күн сәулесі түскенде қауырсындары қола, жасыл және күлгін түстермен құбылып, ерекше металл жылтырын береді. Оның басты табиғи белгісі – лай арасынан қорек іздеуге бейімделген ұзын, төмен қарай доғаша иілген жіңішке тұмсығы.
Маңғыстау өңірінде бұл құстарды негізінен Каспий теңізінің таяз жағалауларынан, әсіресе халықаралық маңызы бар Қаракөл көлінен кездестіруге болады. Қарабайлар – жыл құсы. Олар өлкеге көктем шыға, наурыз-сәуір айларында ұшып келіп, қалың қамыстардың арасына ұя салады. Көбіне шағын топтармен жүреді және өте сақ келеді.
Олардың негізгі азығы – су түбіндегі омыртқасыздар, ұсақ балықтар мен бақалар. Экологиялық тұрғыдан алғанда, Қарабай – су айдынының тазалығы мен биологиялық тепе-теңдігінің көрсеткіші. Бүгінде бұл ерекше құсты сақтап қалу үшін Маңғыстаудағы сулы-батпақты аймақтар мемлекет тарапынан қатаң қорғауға алынған.